Қазақстанда енді алаяқтар қоңырау шалған телефон нөмірлері бірден бұғатталады

0
126

Жаңа ереже тек бұғаттау шараларымен шектелмейді.


Қазақстанда енді алаяқтар қоңырау шалған телефон нөмірлері бірден бұғатталады

Фото: ru.freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда киберқауіпсіздікті күшейту мақсатында жаңа ереже күшіне енеді. Енді алаяқтардың қоңырауы немесе хабарламасы тіркелген телефон нөмірлері уақытша бұғатталады, деп жазады stan.kz.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жаңа тәртіпке сәйкес, күмән тудырған нөмірлер екі күн бойы арнайы жүйеде тексеріледі. Осы уақыт аралығында абонент өз нөмірін пайдалана алмайды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары Олжас Қабенов қалай нөмір бұғатталатынын айтты.

"Ұлттық банкке қарасты антифрод жүйесіне құқық қорғау органдары, екінші деңгейлі банктер және ұялы байланыс операторлары қосылған. Нөмір арқылы алаяқтық әрекет расталса, ақпарат операторға қайта жіберіліп, нөмір біржола бұғатталады. Кейін бұл іс құзырлы органдардың қарауына өтеді", – деді ол.

Жаңа ереже тек бұғаттау шараларымен шектелмейді. Бұдан былай бір адамға 10-нан артық SIM-карта рәсімдеуге тыйым салынады. Сондай-ақ алғаш рет "биометриялық деректер" ұғымы енгізілмек. Бұл жүйе арқылы азаматтардың бет-әлпеті мен жеке мәліметтері сәйкестендіріліп, ортақ базаға тіркеледі.

Сонымен қатар байланыс операторлары тұрғындардың байланыс сапасына қатысты шағымдарын тәулік бойы қабылдауға міндеттеледі. Жаңа талаптар 18 қарашадан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, шілде айынан бері елде IMEI-код арқылы сәйкестендірілмеген телефондарды бұғаттау жұмыстары жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін 200 мыңнан астам құрылғы қара тізімге енгізілген. Бұл шара да байланыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Оралдағы сауда орталығының банкоматы жанында зейнеткер алаяқтардың қысымына қарамастан 1,3 миллион теңге аударуға дайын тұрған. Телефондағы бейтаныс әйел оған қадам-қадам бойынша нұсқау беріп, айналадағы адамдар сұрақ қойса “ақшаны қызыма жіберіп жатырмын” деп айтуға кеңес берген. Зейнеткер абыржып, тіпті полицейлердің түсіндіруіне қарамастан, алаяқтарға сенген. Кейін телефондағы “баласы” мен өзін полиция қызметкеріміз деп таныстырған алаяқтар ақшаны міндетті түрде аударуын талап еткен. Алайда полиция қызметкерлері дер кезінде араласып, аударымды тоқтатып, зейнеткерді алаяқтардан қорғады.