Қазақстанда ажырасу саны азайды – Аида Балаева

0
125

Былтыр 40,5 мыңға дейін отбасы ажырасқан.


Қазақстанда ажырасу саны азайды – Аида Балаева

Фото: © freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда соңғы бес жылда ажырасулар саны 16%-ға төмендеді. Мұндай деректі ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Отбасы күніне орай жариялады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, 2020 жылы елде 48,2 мың ажырасу тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 40,5 мыңға дейін азайған.

« Бұл – ерлі-зайыптылардың жауапкершілігі артып, отбасын сақтауға деген талпынысының нәтижесі», – деп атап өтті Аида Балаева.

Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, қазақстандықтардың 85–89%-ы үшін басты құндылықтар – өзара махаббат, құрмет пен түсіністік.

«Осындай қағидаттар мықты әрі берік отбасының негізін қалайды», – деді министр.


2019 жылдан бастап Жоғарғы сотпен бірлескен «Бақытты отбасы» жобасы іске асуда. Жоба аясында:

  • психологтар, заңгерлер мен медиаторлардың кеңестері беріледі;
  • әлеуметтік қызметкерлердің қолдауы көрсетіледі;
  • жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге жағдай жасалады.

2024 жылы сотқа жеткен отбасылық істердің 37,5%-ы татуласумен аяқталған (2023 жылы – 33,1%). Министр бұл көрсеткіш жобаның тиімділігін дәлелдейді деп санайды.

Сонымен қатар елде «Ата-аналар академиясы» жобасы іске қосылған. Оның мақсаты – ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және жаңа отбасыларға білім беру.

Бұдан бөлек, Отбасыны қолдау орталықтарының рөлі артып келеді. 2024 жылы бұл орталықтарға 40 мыңнан астам азамат жүгінген, оның ішінде 15 мыңнан астамы консультациялық көмек алған, ал 4 мыңға жуығы кешенді сүйемелдеуге алынған.

«Қазақстандық отбасыларға әрқашан береке, бақыт, сүйіспеншілік пен келісім тілеймін», – деп қорытындылады сөзін Аида Балаева.