Қазақстанда ауылды жедел басқаруға арналған «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» жобасы іске қосылды

0
106

​ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» жобасын еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен енгізуде.


Қазақстанда ауылды жедел басқаруға арналған «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» жобасы іске қосылды

ERNUR.KZ. Бүгінде жоба 17 облыс пен 1894 ауылдық округті қамтып отыр. Платформаның басты мақсаты – өңірлік басшыларды артық қағазбастылықтан арылтып, ауылдағы ахуал туралы барлық маңызды ақпаратты бір жүйеге шоғырландыру, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Жүйе Отбасының цифрлық картасы негізінде әзірленіп, 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректерін біріктірді. Платформада тұрғындардың табысы, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтермен қатар, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым, денсаулық сақтау мен білім беру салаларының көрсеткіштері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алушылар туралы ақпарат қамтылған.

Деректерге жедел қолжетімділіктің арқасында әкімдер енді қолдау шараларын нақты мұқтаж азаматтарға бағыттап, әлеуметтік тәуекелдерге жедел әрекет ете алады. Сонымен қатар мемлекет қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды алдын ала анықтап, оларға қажетті қолдау шараларын проактивті түрде ұсынуға мүмкіндік алады.

Әкімнің цифрлық жұмыс орнын енгізу ауылдық әкімдіктердің әкімшілік жүктемесін де айтарлықтай төмендетеді. Аналитикалық деректердің нақты уақыт режимінде қалыптасуы есептілікті дайындау кезіндегі қол еңбегін азайтып, адами фактордың әсерін төмендетеді. Бұл басқару үдерістерін объективті деректерге негізделген жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта жүйенің функционалы одан әрі кеңейтіледі. Жақын арада Әкімнің цифрлық жұмыс орнына жер ресурстары, салықтар, субсидиялар, сондай-ақ шаруа және фермерлік қожалықтардың қызметіне қатысты деректер интеграцияланып, ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға арналған қосымша мүмкіндіктер қалыптастырылады.