Қазақстанда 363 көппәтерлі тұрғын үйге 20,7 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған

0
111

Қазақстанның тұрғын үй қоры шамамен 59 мың көппәтерлі тұрғын үйден тұрады.


Қазақстанда 363 көппәтерлі тұрғын үйге 20,7 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған
ERNUR.KZ. 2026–2028 жылдары «2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» және жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 363 көппәтерлі тұрғын үйге 20,7 млрд теңге сомасына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 79 көппәтерлі тұрғын үй бұзылып, 2 008 меншік иесі жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, тұрғын үй құрылысын жандандыру және ынталандыру мақсатында Министрлік тарапынан бірқатар кешенді шара қабылданды. Атап айтқанда, кезекте тұрған азаматтар үшін 217,8 млрд теңгеге 14,5 мың жалдамалы пәтер сатып алынды, сондай-ақ 140,2 млрд теңгеге 14,1 мың кредиттік тұрғын үй салынды және сатып алынды. 10,5 мың жер теліміне инженерлік желілер жүргізілді. Бұдан бөлек, 2% және 5% мөлшерлемемен жалпы сомасы 67,8 млрд теңге болатын 5,3 мың жеңілдетілген ипотекалық қарыз берілді.

«Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары аясында 8,6 мың займ рәсімделіп, олардың жалпы сомасы 233 млрд теңгені құрады.

«2026 жылы несиелік тұрғын үй салу және сатып алу үшін жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын 155 млрд теңгеге сатып алу жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар «2-10-20», «5-10-20» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша 12,2 мың жеңілдетілген ипотекалық қарыз беру жоспарланған. Жалдамалы тұрғын үй сатып алу және инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым салу жалпы сипаттағы трансферттер аясында жалғасады», – деп хабарлады Бақытжан Жүнісбеков.

2025 жылы жаңа заңнамалық түзетулер шеңберінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және жалдамалы тұрғын үйді бөлу функциясы әкімдіктерден «Отбасы банк» АҚ-на берілді. Банк Ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 951 мың азамат тіркелген, олардың шамамен 600 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады.

«Биыл азаматтарға шамамен 8 мың жалдамалы тұрғын үй беріліп, 11 мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық қарыз ұсынылды. Сонымен қатар заңнамаға енгізілген түзетулер арқылы бұрын берілген «сатып алу құқығынсыз» жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіруге рұқсат етілді. Бұл құқықты мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй алған 70 мыңға жуық азамат пайдалана алады. Жекешелендіру азаматтар үшін міндетті емес. 2025 жылы бұл құқықты 15 мыңнан астам адам пайдаланды, олардың шамамен 9 мыңы тұрғын үйді өтеусіз негізде алды», – деді спикер.

Мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары ретінде тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау және тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. Комитет төрағасының дерегінше, субсидияларды 11 мыңнан астам азамат пайдаланып, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлінді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 1 733 азаматқа бастапқы жарнаны төлеу үшін жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын тұрғын үй сертификаттары берілді. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттерден 3,5 мың сертификат беру үшін 4,3 млрд теңге қарастырылған.