Қазақстан мектептерінде ерекше назарды қажет ететін балаларға педагогикалық сүйемелдеу енгізіледі

0
99

Педагогикалық сүйемелдеу білім беру ұйымының профилактика кеңесінің шешімімен тағайындалады.


Қазақстан мектептерінде ерекше назарды қажет ететін балаларға педагогикалық сүйемелдеу енгізіледі

ERNUR.KZ. Еліміздің барлық мектептерінде ерекше педагогикалық назарды қажет ететін кәмелетке толмағандарға жеке педагогикалық сүйемелдеу енгізіледі. Бұл шара тәуекел тобындағы оқушыларды ерте анықтауға және оларға білім беру ұйымдарында мақсатты психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Жаңашылдық 2025 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген. Норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енді. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі педагогикалық сүйемелдеу қағидаларын бекіту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Педагогикалық сүйемелдеу білім беру ұйымының профилактика кеңесінің шешімімен тағайындалады. Әрбір бала үшін нақты қолдау шаралары мен жауапты мамандар көрсетілетін жеке профилактикалық жұмыс жоспары әзірленеді.

Ерекше педагогикалық назарды қажет ететін балалар санатына оқуында қиындықтары бар, сабақтарды себепсіз жүйелі түрде қалдыратын, қоғамға жат мінез-құлық танытатын, құқық бұзушылық жасаған, зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылар жатады.

Сүйемелдеу аясында педагогтер мен мектеп психологтары баламен жеке жұмыс жүргізеді, ата-аналармен өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі, қажет болған жағдайда әлеуметтік қызметтер тартылады. Бұл шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балаларға дер кезінде көмек көрсету.