Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Алматыда мемлекет қаржысына түсірілетін фильмдер анықталып жатыр. Байқаудың соңғы кезеңіне өткен 95 киножобаның авторлары арнайы комиссия алдында өз идеяларын таныстырды, деп жазады Stan.kz.
Мемлекеттің қаржысына түсірілетін киножоболар іріктеуден өтіп жатыр. Бүгін Алматыда конкурстың финалдық кезеңіне өткен 95 туындының авторлары, яғни қатысушылар өз өнімін қорғады. Питчингте (cоңғы іріктеуде) төрешілер сценаристермен жүздесіп, болашақта мемлекеттің қаржылай қолдауын алатын жобаларды анықтайды.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали байқаудың шарттын түсіндірді.
"Техникалық жағынан мүмкіндігі бар ма, командасы жағынан мүмкіндігі бар ма? Осының барлығын бүгін дәлелдейді. Дәлелдеудің арқасында төртінші этап бар. Ол министріміз төрағалық ететін үлкен комиссия. Сол комиссияға алып барамыз жеңімпаздарды. 500 миллион теңгеге дейін үлкен картина болса, мысалы Қазақфильм сияқты үлкен компаниялар сондай жобаны ала алады. Ал негізгі біздің беретініміз 150 мен 200 миллион теңге аралығында",
Киножобалар байқауы наурызда басталып, алғашқы кезеңде жалпы 300-ден астам өтініш түскен. Сараптама жасалып, сарапшылар кеңесінің қарауына соның 277-і өтті. Іріктеуден кейін 95-і қалды. Енді мәреге 20 туынды өтеді деген жоспар бар. Биыл отбасы құндылықтары мен ұрпақ сабақтастығы, тарих пен мәдениет, еңбек адамы, экология мен спорт және қоғамдық келісім идеялары тақырыбына басымдық беріліп отыр.
Сараптама кеңесінің мүшесі авторлардың сценарийі құнды болуы керек екенін атап өтті.
"Бізге олардың авторы кім екені емес, бізге сценарийдің құндылығы. Бізге атақ-даңқы бар үлкен классиктеріміз емес, бізді бүгінгі қоғам не талап етіп отыр, бүгінгі көрермен не көргісі келіп отыр, қандай тың тақырып тапты, қандай кейіпкері бар, сол арқылы қандай идея айтқысы келіп отыр бізге құндысы осы", – деді Роза Мұқанова.


