Қазақстан энергетика және коммуналдық секторларда цифрлық шешімдер енгізіп жатыр

0
83

Қазақстанда энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылуда.


Қазақстан энергетика және коммуналдық секторларда цифрлық шешімдер енгізіп жатыр

ERNUR.KZ. Осы жұмыс аясында мердігер ұйымдар мен жеткізушілерді қоса алғанда, мыңдаған қатысушы қосылған электрондық сатып алу платформасы іске қосылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова мәлімдеді.

Оның айтуынша, платформада процестердің іске асырылуын бақылауға және негізгі көрсеткіштерді жедел қадағалауға мүмкіндік беретін аналитикалық дэшборд қалыптастырылуда. Бұл туындаған мәселелерді уақытылы анықтап, өзекті деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жүйеде жасанды интеллект технологияларын қолдану бағыты дамытылуда. Осы мақсатта қазір тестілік ортада қолжетімді SKAI-Contract модулі жетілдіріліп жатыр.

«Оның міндеті – пайдаланушыларға сатып алу рәсімдерінде жылдам бағдарлануға көмектесу, жинақталған білім базасын пайдалану және типтік сұрақтар мен құжаттармен жұмыс істеу уақытын қысқарту», – деп нақтылады спикер.

Өнеркәсіпті цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Жәннат Дүбірова атап өткендей, бұл саладағы цифрлық трансформацияның тиімділігі енгізілген сервистердің санымен емес, өндірістік процестердегі нақты өзгерістермен бағаланады.

Жабдықтарды мониторингтеу жүйелерін, өнеркәсіптік аналитиканы, цифрлық нысандардың көшірмелері және автоматтандырылған басқаруды қамтитын Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге негізгі басымдық беріліп отыр. Мақсат – мұндай шешімдер кәсіпорындардың өнімділігін, тұрақтылығын және басқарушылық шешімдердің сапасын арттыру құралына айналатын жағдай қалыптастыру.