Жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін жүргізушіге 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Фото: Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Қарағандыда көкөніс пен жеміс салынған қораптары бар қарт жолаушыны көліктен түсіріп жіберген №145 автобус жүргізушісі жауапқа тартылды. Ер адамға 21 мың теңгеден аса айыппұл салынып, әкімшілік материал сотқа жолданды, деп жазады tengrinews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде қоғамдық көлік жүргізушісі қарт адамның заттарын салоннан шығарып жатқан видео тараған болатын. Кейін көкөніс пен жеміс салынған қораптар жолда қалып қойған. Өнімнің бір бөлігі асфальтқа шашылып, өтіп бара жатқан көліктер мен автобус дөңгелегі астында қалды.
Оқиға резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары жүргізушінің әрекетіне баға беруді талап етті. Бейнежазба полиция назарына да ілікті. Құқық қорғау органдары жүргізушінің жеке тұлғасын анықтады. 40 жастағы ер адам полиция бөліміне жеткізілді.
Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін жүргізушіге 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар жиналған әкімшілік материал процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Шешім қабылданғанға дейін ер адам уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.
Жүргізуші кінәсін мойындамады. Ол зейнеткерді түсіріп жібермегенін, тек жүгі тым көп болуына байланысты тасымалдаудан бас тартып, заттарын шығаруға көмектескенін айтты.
Видео жарияланғаннан кейін Қарағанды әкімдігі жүргізуші желіден алынып, тексеріс кезінде жұмыстан шеттетілгенін хабарлады. № 5 автобус паркінде де қызметтік тексеріс басталды.
Еске сала кетейік, тасымалдау ережелеріне сәйкес, жолаушы қалалық автобуста өлшемі 60×40×20 сантиметрге дейін және салмағы 20 келіден аспайтын бір қол жүгін тегін тасымалдай алады. Белгіленген өлшем мен салмақтан асатын заттар жүкке жатады. Олар автобустың жүк бөлімінде немесе арнайы жүк көлігінде тасымалдануы тиіс.


