Қапшағайда жоғалған ер адамның мәйіті табылды

0
112

Құтқарушылар 31 тамызда жоғалған ер адамның денесін тапты.


Қапшағайда жоғалған ер адамның мәйіті табылды

ERNUR.KZ. Алматы облысында Қапшағай су қоймасында жоғалып кеткен ер адамды іздестіру жұмыстары аяқталды, деп жазады baq.kz.

Құтқарушылар 31 тамызда жоғалған ер адамның денесін тапты.

Бүгін ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағының бортынан жағалаудан 5–6 шақырым қашықтықта су бетінде ер адамның денесі анықталды. Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының күшімен, жүзу құралының көмегімен дене жағаға жеткізілді, — деп хабарлады Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Іздеу жұмыстары оқиға болған 31 тамыздан бастап үздіксіз жүргізілді. Операцияға тікұшақ, ұшқышсыз ұшу аппараты, "Эхолот" гидроакустикалық құрылғысы, сондай-ақ 17 құтқарушы, 3 техника және 4 жүзу құралы жұмылдырылды.

Құтқарушылар алғашқы сағаттардан бастап ауқымды іздестіру жұмыстарын атқарды: моторлы қайықтардың көмегімен 30 шаршы шақырымға дейінгі акваторияны тексерді, бірнеше рет сүңгуірлер су астына түсті, шамамен 15 шақырым жағалау сызығын қарады және әуеден бақылау үшін дрондарды қолданды.

Алматы облысы ТЖД марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, суда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін, жарамды жүзу құралдарын қолдану және міндетті түрде құтқару кеудешесін кию керектігін еске салды.

Еске салайық, оқиға туралы хабар куәгерлерден 31 тамыз күні сағат 15:00 шамасында түскен. 9-насостық станса маңында ішінде екі ер адам отырған қайық аударылып қалған. Олардың біреуі өз бетімен жағаға шықса, екіншісі құрлықтан шамамен 400 метр қашықтықта жоғалып кеткен.