Ол қауіпсіздік ережелерін сақтамаған компанияны сотқа бермекші.
Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Астанада өткен Kazenergy халықаралық форумы кезінде Гүлжайнат Гисалиева есімді әйел Alageum Electrics компаниясының 3D-голограммасынан жарақат алды. Оқиға 2 қазан күні Тәуелсіздік сарайында болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оның айтуынша, шара қызықты және ауқымды түрде өтіп жатқан. Алайда кенеттен қоршаусыз тұрған 3D-голограмманың айналмалы қалақшасына соғылған әйелдің көзі жараланған. Оны жедел-жәрдем ауруханаға апарған екен.
Дәрігерлер әйелдің жырылып кеткен қабағын тігіп, көзінің ішіне қан құйылғанын анықтаған.
«Соққының қандай ауыр болғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Егер компания қауіпсіздік белгілерін немесе қоршау орнатқанда, бұл жағдай болмас еді», -деп жазды Гисалиева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол 6 қазанда компанияға ресми шағым хат жолдаған. Сол күні компанияның заңгері хабарласып, оны кеңсеге шақырғанымен, Гисалиева бұл ұсыныстан жарақатының ауырлығына байланысты бас тартқан. Ол кездесуді бейтарап жерде өткізуді сұраған, бірақ компания келіспеген. Компания содан бері ресми жауап бермепті. Гүлжайнат Гисалиева жағдайды бейбіт жолмен шешуге тырысқанын, алайда жауап болмағандықтан сотқа жүгінуге мәжбүр болатынын айтты.
Қазір ол ем қабылдап жүр, көзі әлі толық жазылмаған. Қабағында тігіс іздері мен тыртық қалған.