Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокстың даңқ залына енді

0
72

Оны элиталық клубқа қабылдау рәсімі АҚШ-та өтті.


Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокстың даңқ залына енді

фото: Национальный олимпийский комитет Казахстана

ERNUR.KZ. Геннадий Головкин Халықаралық бокстың Даңқ Залына енген республиканың алғашқы өкілі болды, деп жазады sputnik.kz.
Оны элиталық клубқа қабылдау рәсімі АҚШ-та өтті. Головкиннің есімі қазір ресми түрде Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сияқты аңыздардың қатарында тұр, деп атап өтті ҰОК.

"Геннадий Головкиннің бұл мәртебеге ие болуы оның бірегей спорттық көрсеткіштеріне негізделген. Әуесқой бокста ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жеткен. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрамасының көшбасшысы болып, ел намысын әлемдік деңгейдегі ең ірі жарыстарда абыроймен қорғады.", - деп хабарлады Комитет.

Қазақстандық боксшымен бірге "Класс 2026" тізіміне америкалық Антонио Тарвер мен британдық Найджел Бенн кіреді.

Головкин кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін XXI ғасырдағы орта салмақтағы үстемдік ететін чемпиондардың біріне айналды. Оның еншісінде 45 жекпе-жек пен 42 жеңіс бар. Оның 37-сі нокаутпен аяқталған. Спорттық мансабында ол WBA, WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының беделді белбеуін иеленді. Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшылардың әлемдік рейтингінде (Pound-for-Pound) көш бастады.

Головкин орта салмақ тарихындағы бірқатар рекордтардың иесі. Оның тоғыз жыл бойы қатарынан жалғасқан 23 нокауттық жеңісі осы дивизион тарихындағы ең ұзақ серия болып саналады.

Сонымен қатар оның қоржынында әлем чемпионы титулдарын сәтті қорғаудың 21 көрсеткіші бар. Ал 90 пайыздан асқан мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер көрсеткіші әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары нәтижелердің бірі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

Бүгінде Геннадий Головкин ел мүддесін тек рингте ғана емес, халықаралық спорттық басқару деңгейінде де танытып келеді. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқарады, сондай-ақ World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарады. Осылайша ол халықаралық спорт федерациясының президенті болып сайланған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.