Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру – экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және ресурстарды ұтымды пайдаланумен тікелей байланысты мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
ERNUR.KZ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ энергия сыйымдылығы 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 4%-ға төмендеді. Сондықтан бүгінгі таңда міндет экономиканы қажетті энергия ресурстарымен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді, сонымен қатар тұтынылған әрбір ресурс барынша тиімді пайдаланылуы тиіс. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Осы мақсатта Қазақстанда заңнамалық және институционалдық жүйе қалыптастырылды. Мәселен, 2012 жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда мемлекеттік саясаттың негізгі құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктері айқындалды. Негізгі құралдарға Мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергетикалық аудит, энергия тұтыну нормативтері, энергия тиімділігінің нысаналы көрсеткіштері және мемлекеттік бақылау жатады.
Ал, бүгінде Қазақстан Республикасының Құрылтайында екі заң жобасы қаралуда: «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.
«Заң жобаларының негізгі мақсаты – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру және экономиканың энергия сыйымдылығын одан әрі төмендету. Ұсынылып отырған өзгерістер төрт негізгі бағытқа шоғырланған. Біріншісі – энергия тиімділігіне қойылатын талаптарды Экологиялық кодекстің ережелерімен үйлестіру. Екіншісі – Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу тетіктерін жетілдіру, бұл деректердің сапасын және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншісі – энергия сервистік нарығын дамыту және энергия тиімді жобаларды іске асыруға бизнестің неғұрлым белсенді қатысуы үшін жағдай жасау. Төртіншісі – энергия тиімділігі саласындағы талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту», – деді спикер.
Осылайша, ұсынылып отырған өзгерістер талаптардың сақталуына қосымша ынталандырулар қалыптастыруға, ірі тұтынушылардың жауапкершілігін арттыруға және энергия тұтынуды, оның ішінде бюджеттік секторда, қысқартуға ықпал етеді. Яғни жаңа заңнамалық бастамалар жүйені күшейтуге тиіс.


