Қырғызстанда Қамчыбек Ташиевтің жазасы жеңілдетілді

0
118

10 қыркүйекте сот істі апелляциялық тәртіппен қарады.


Қырғызстанда Қамчыбек Ташиевтің жазасы жеңілдетілді

фото:24.kg

ERNUR.KZ. Қырғызстанда атышулы «75 ісі» бойынша сот үкімі қайта қаралды. Елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамчыбек Ташиев пен басқа да айыпталушыларға билікті күшпен басып алуға дайындалды деген айып тағылмайтын болды. Оларға екі жыл пробация жазасы тағайындалды, деп жазады ulysmedia.kz.

10 қыркүйекте сот істі апелляциялық тәртіппен қарады. Прокуратура айыпталушыларды тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Билікті күшпен басып алуға дайындалу туралы айып қайта сараланды. Нәтижесінде сотталушылар сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірді деген бап бойынша кінәлі деп танылды, деп жазады қырғызстандық БАҚ.

Қамчыбек Ташиев, бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев, парламенттің экс-спикері Нурланбек Тургунбек уулу және тағы бірнеше адам екі жыл пробация жазасына кесілді.

Контекст

«75 ісі» 75 саясаткер мен қоғам қайраткерінің президент Садыр Жапаровқа үндеуінен кейін пайда болды. Олар кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған. Келесі күні Ташиев қызметінен айырылды.

Шілдеде бірінші сатыдағы сот бұрынғы күштік құрылым басшысын билікті күшпен басып алуға дайындалды деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге төрт жылға бас бостандығынан айырған. Алайда жазасы пробацияға ауыстырылып, ол нақты түрме жазасынан құтылған.

2026 жылдың ақпанына дейін Қамчыбек Ташиев Қырғызстандағы ең ықпалды саясаткерлердің бірі әрі Садыр Жапаровтың жақын серігі саналды. Отставкасы мен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін бұрынғы одақтастар арасында саяси байланыс үзілді.