Елімізде дрондар газ апатын анықтайды

0
101

QazaqGaz Aimaq өнеркәсіп қауіпсіздігін арттыру мақсатында газ желілерін қашықтан бақылайтын технологияларды енгізіп жатыр.


Елімізде дрондар газ апатын анықтайды

фото: Пресс-служба министерства финансов Казахстана

ERNUR.KZ. QazaqGaz Aimaq компаниясында газ апатын анықтау үшін дрондар қолданылады, деп жазады sputnik.kz.
QazaqGaz Aimaq BL-CH4 метан лазерлік детекторымен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппаратын таныстырды.
"Аталған дрон газ құбырларын әуеден тексере алады, яғни лазер сәуленің жұтылуы арқылы метанның бар-жоғын анықтайды. Бұл газдың шығуын құбырды тексерместен анықтауға және оның орнын қашықтан дәл белгілеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл инфрақұрылымның жай-күйін жедел бақылауға және газбен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға көмектеседі", - делінген "Самұрық-Қазына" қорының хабарламасында.
Бұл — газ инфрақұрылымын цифрландыру және дамыту бойынша жұмыстардың бір бөлігі ғана. Бұдан бөлек, компания деректерді қашықтан жіберетін 1,3 миллионнан астам смарт-газ есептегішін орнатып, "толықтай дайын" форматтағы кешенді цифрлық жүйе құрып жатыр. Жоба Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде іске асырылуда.
Сондай-ақ, елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы жобалар аясында Алматы облысындағы Дәулет және Қостанай облысындағы Диевка ауылдарына газ тартылды. Нәтижесінде Дәулет ауылында 300, Диевка ауылында 365 үйге табиғи газ қосылды. Қостанай облысындағы жобаны "Самұрық-Қазына" қоры қаржыландырды.