Елімізде 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар

0
131

Құрылыс саласы экономиканың негізгі салаларының бірі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл секторда оң нәтижелерге қол жеткізілді.


Елімізде 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар

ERNUR.KZ. Республика бойынша 18,9 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 182 мың тұрғын үй салынды. Өткен жылы мемлекеттік инвестициялар есебінен 30,6 мың пәтер салынып, 9 мың жеңілдікті займдар берілді. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында осылай деді.

Оның айтуынша, биыл экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарына сәйкес азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің қосымша шараларын енгізе отырып, 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 176,6 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 4,9 млн шаршы метр тұрғын жай немесе 45,1 мың пәтер пайдалануға берілді.

«Мемлекеттік қолдау есебінен осы жылы Қазақстан тұрғын үй компаниясының әкімдіктерге облигациялық несиелер беруі есебінен кредиттік тұрғын үйдің 12 мың пәтерін салу, республикалық бюджет есебінен 5,1 мың жалға берілетін тұрғын үй сатып алу жоспарлануда. Еліміз бойынша тұрғын үй кезегінде барлығы 654 мыңнан астам адам тұр», – деді спикер.

Бүгінгі таңда кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асып жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарға тұрғын үй кезектілік тәртібімен жалға беріледі. Бұл ретте жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20%-ы жетім балалар мен көп балалы отбасыларға беріледі.

Өткен жылы аталған мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде кезекте тұрған 13 мыңға жуық адам жалға берілетін тұрғын үймен тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 3 мыңнан астам отбасы жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілді.