Ел аумағына бидай әкелуге тыйым салынады

0
140

Құжатқа сәйкес, құс шаруашылығы және астық өңдеу кәсіпорындарының мекенжайына әкелінген бидай ішкі және сыртқы нарықтарда өткізілмеуі (сатылмауы) тиіс.


Ел аумағына бидай әкелуге тыйым салынады

Фото: Азық-түлік келісімшарт корпорациясы

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің аумағына автомобиль, су және теміржол көлігімен бидай әкелуге 6 айға тыйым салмақ. Аталған ведомство басшысының бұйрық жобасы ашық нормативтік-актілер порталында жарияланды, деп жазады inform.kz.

— Үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстан Республикасының аумағына құс шаруашылығы және астық өңдеу кәсіпорындарының, лицензияланған элеваторлардың, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының мекенжайына теміржол көлігімен бидай әкелуді қоспағанда, автомобиль, су және теміржол көлігімен бидайды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды: 1001) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін, — делінген бұйрық жобасында.

Құжатқа сәйкес, құс шаруашылығы және астық өңдеу кәсіпорындарының мекенжайына әкелінген бидай ішкі және сыртқы нарықтарда өткізілмеуі (сатылмауы) тиіс. Тыйым салу Қазақстан Республикасының аумағына теміржол транзиттік тасымалдары шеңберінде әкелінетін бидайға, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына орнын ауыстыруға қолданылмайды.

Отандық өндірушілерді қолдау және өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген бұйрық жобасы 1 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.

Айта кетейік, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың мамырына дейінгі кезеңде астық пен ұнды экспорттау астық эквивалентінде 12,2 млн тоннаға жетті.