«Екі қызымды езіп кете жаздады»: Астанадағы Орталық саябақта балалар мінген аттракцион үзіліп кеткен (ВИДЕО)

0
106

​Оның ішінде екі бала отырған.


«Екі қызымды езіп кете жаздады»: Астанадағы Орталық саябақта балалар мінген аттракцион үзіліп кеткен (ВИДЕО)

Фото: скриншот

ERNUR.KZ. Астанадағы Орталық саябақтың аумағында аттракциондардың бірі темір бекіткішінен үзіліп кетіп, ішіндегі екі бала құлап түскен, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

25 сәуір күні кешкі сағат 17:10 шамасында демалысқа келген отбасының екі баласы отырған аттракцион кабинасы бірнеше айналымнан кейін темір бекіткішінен үзіліп, жерге құлаған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, кабина дәл балалар отырған тұста ажырап түскен. Бұл туралы екі баланың анасы Тhreads әлеуметтік желісінде жазды.

«Бүгін көз алдымда екі қызымды аттракцион кабинасы езіп кете жаздады», –дейді екі бүлдіршіннің анасы. Оның сөзінше, жағдай санаулы секунд ішінде болған және ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде тұрғындардың наразылығы күшейді.

Аталаған жазба астында куәгерлердің бірі: «Мен бұл аттракциондарды қыстан кейін жай ғана пакеттерін алып, бірнеше рет айналдырып қоса салғанын өз көзіммен көрдім. Тексеру жоқ, дайындық жоқ. Қызмет көрсетушілер жауап беруі керек. Балалар кішкентай, енді өмір бойы қорқынышпен қалуы мүмкін», - деген пікір қалдырған.

Полиция бұл дерек бойынша тексеріс бастап кетті. Нұра аудандық полиция басқармасы мәліметінше, аттракцион операторы кабинаның құлағанын полицияға өзі хабарлаған көрінеді.

«Алдын ала дерек бойынша, кабина аспалы темірдің бекіткішінен ажырап кеткен. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесінде материалдар уәкілетті органдарға жолданып, аттракциондардың техникалық қауіпсіздігіне қатысты шаралар қабылданбақ», - деген хабарламада.