Шетелдіктер үшін Қазақстанға кірудің жаңа ережелері күшіне енді

0
185

Электронды рұқсат Қазақстанға кіру үшін де, ел аумағы арқылы транзитпен өту үшін де керек.


Шетелдіктер үшін Қазақстанға кірудің жаңа ережелері күшіне енді

© Photo : Комитет гражданской авиации Казахстана

ERNUR.KZ. Үкімет шетел азаматтарының ел аумағына кіру, онда болу және елден шығу тәртібіне қатысты жаңартылған ережелерді бекітті. Негізгі жаңашылдықтардың бірі Қазақстанға визасыз келетін шетел азаматтары үшін электронды рұқсаттың міндетті түрде енгізілуі болып отыр, деп жазады sputnik.kz.

Электронды рұқсат кімдерге қажет болады

Қазақстанға кіруге арналған электронды рұқсат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің азаматтарына, сондай-ақ Қазақстанмен визасыз режим туралы келісімі бар мемлекеттердің азаматтарына міндетті болады.
Бұл талап визасыз режим қолданылатын елдер тізіміне енгізілген АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, БАӘ, Түркия, Үндістан және Иран азаматтарына да қатысты.
Электронды рұқсат Қазақстанға кіру үшін де, ел аумағы арқылы транзитпен өту үшін де қажет болады.

Электронды бақылау жүйесін енгізу кезеңдері

QazETA электронды рұқсат беру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. 1 қарашадан бастап электронды рұқсаттың бар-жоғын тексеру Ақтау халықаралық әуежайында және мына автомобиль өткізу бекеттерінде басталады:
"Үрлітөбе" (Павлодар облысы);
"Аухатты" (Жамбыл облысы);
"Атамекен" (Түркістан облысы);
"Нұрлы жол" (Жетісу облысы).
Бұл кезеңде электронды рұқсаты жоқ шетел азаматтарына Қазақстанға кіруден бас тартылмайды. Алайда оларға рұқсатты рәсімдеу қажеттігі туралы ақпарат беріледі.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап талап Астана және Алматы халықаралық әуежайларында қолданыла бастайды.
2027 жылғы 1 наурыздан бастап электронды рұқсат елдегі қалған барлық өткізу бекеттерінде тексеріледі.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап электронды рұқсат толықтай міндетті болады. Бұл құжат болмаған жағдайда шетел азаматтарына Қазақстанға кіруге рұқсат берілмейді.

Электронды рұқсатты рәсімдеу тәртібі

Электронды рұқсат алу үшін шетел азаматтары арнайы цифрлық платформа арқылы өтініш беруі керек. Өтініш жоспарланған сапар күнінен кемінде 72 сағат бұрын тапсырылуы тиіс.
Рәсімдеу барысында өтініш берушінің жеке басы сәйкестендіріледі. Рұқсатты ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісе отырып береді.
Электронды рұқсат тегін рәсімделеді. Оның жарамдылық мерзімі – 180 күнтізбелік күн. Осы кезеңде Қазақстан аумағында белгіленген мерзімдер шегінде болуға рұқсат етіледі.
Шекарадан өту кезінде шетел азаматы электронды рұқсатты рәсімдеу барысында пайдаланған төлқұжатын көрсетуі тиіс.
Шекара қызметі құжаттың бар-жоғын "Бүркіт" бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы тексереді.

Кімдерге электронды рұқсат берілмеуі мүмкін

Халықтың көші-қоны туралы заңнамада көзделген негіздер бойынша электронды рұқсат беруден бас тартылуы мүмкін.
Бұған қоса, бұрын берілген рұқсат мынадай жағдайларда жойылуы мүмкін:
шетел азаматының Қазақстанда болу мерзімі қысқартылған жағдайда;
шетел азаматы әкімшілік тәртіппен елден шығарылған жағдайда;
рұқсат заң талаптарын бұза отырып рәсімделген жағдайда.
Рұқсат беруден бас тарту немесе оны жою туралы хабарлама шетел азаматына цифрлық платформа арқылы жіберіледі.

Кімдер электронды рұқсат алудан босатылады

Жаңа ережелерге сәйкес, тиісті растайтын құжаттары болған жағдайда, электронды рұқсат алуды қажет етпейтін азаматтардың 29 санаты қарастырылған.
Олардың қатарына мыналар кіреді:
16 жасқа дейінгі балалар;
65 жастан асқан азаматтар;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы визасы бар шетелдіктер;
уақытша тұруға рұқсаты немесе тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары;
босқындар және баспана іздеуші тұлғалар;
әуежайдың транзиттік аймағынан шықпайтын транзиттік жолаушылар;
әуе, теңіз және өзен кемелерінің экипаж мүшелері, сондай-ақ пойыздар мен локомотив бригадаларының қызметкерлері;
халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілер (белгілі бір салмақ және жолаушылар саны шектеулері ескеріледі), сондай-ақ автобус жүргізушілері;
мемлекет басшылары, дипломаттар және ресми делегация мүшелері.