Министрлік дипломатпен профилактикалық әңгіме жүргізілгенін мәлімдеді.
Фото: ҚР СІМ
ERNUR.KZ. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Дубайдағы консулдың отандастарға елге қайту үшін несие алуға кеңес берген сөзіне қатысты түсініктеме берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға байланысты дипломатпен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Оның айтуынша, аталған сөздер эмоционалдық қысым жағдайында айтылған. Жетібаевтың түсіндіруінше, консулдық қызметкер жас маман болғандықтан өз ойын толық әрі дұрыс жеткізе алмаған.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелдегі дипломаттар мен консулдардың негізгі міндеті – Қазақстан азаматтарына қажетті көмек көрсету. Министрлік бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Қазақстанның Дубайдағы консулының бейнежазбасы тараған еді. Онда дипломат Біріккен Араб Әмірліктерінде қалып қойған қазақстандықтарға тұру ақысын төлеу және елге қайту үшін әуе билеттерін сатып алуға қаражат жетпеген жағдайда несие немесе қарыз алуға болатынын айтқан.
Қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі аймақтағы әуе қатынасына әсер етіп отыр. Израиль, АҚШ және Иран арасындағы өзара соққылардан кейін олардың салдары Біріккен Араб Әмірліктері мен Катар аумағына да ықпал етіп, кей бағыттарда рейстердің орындалуына қиындық туындаған.
Осыған байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін қазақстандықтарға Таяу Шығыстың бірқатар еліне барудан уақытша бас тартуды ұсынып, өңірде жүрген азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, жергілікті билік нұсқауларын орындауға шақырған.


