Енді комада жатқан азаматтар да мемлекеттен жәрдемақы ала алады.
Фото: ЖИ жасаған
ERNUR.KZ. Қазақстанда комада жатқан азаматтарға жәрдемақы рәсімдеу мүмкіндігі пайда болады. Бұған дейін жеке өтініш пен қолтаңба талап етілгендіктен, өз еркін білдіре алмайтын адамдар әлеуметтік көмексіз қалып келген. Енді Мәжіліс депутаттары заңға түзету енгізіп, осы олқылықтың орнын толтырмақ, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«Айлап комада жатқан адамдар бар. Олар өз еркін білдіре алмайды, өтініш жаза да, қол қоя да алмайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке өтінішсіз мүгедектікті рәсімдеу, кейін жәрдемақы мен ТСР алу мүмкін емес. Біз бұл жағдайды қазір өзгертіп жатырмыз. Түзету бердік. Енді комада жатқан адамның заңды өкілдері оның атынан өтініш беріп, мүгедектікті рәсімдей алады, ал кейін жәрдемақыларды, ТСР мен басқа да қажетті әлеуметтік көмекті ала алады. Бұл – адамгершілік мәселесі», - деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желіде.
Естеріңізге салайық, Қызылордада пневмонияға шалдыққан ер адам 1,7 жылдан бері комадан оянбай жатқаны туралы жазған едік. 49 жастағы Ержан Әзенов 2024 жылдың жазында өкпесі ауырып, ауруханаға барған. Дәрігерлерге қаралған соң үйден емделемін деп үйіне сұранған. Таксиге мінгеннен кейін жағдайы нашарлап, жүрегі бірнеше минутқа тоқтап қалған көрінеді. Ауруханаға жеткізілген соң науқас комаға түскен.


