Биыл Қызылорда-Жезқазған автожолының негізгі құрылыс жұмыстары аяқталады

0
118

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы биылғы жол-құрылыс маусымына қарқынды түрде кірісті.


Биыл Қызылорда-Жезқазған автожолының негізгі құрылыс жұмыстары аяқталады

ERNUR.KZ. 2026 жылы еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту аясында 8 900 шақырым республикалық автожолдарда түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, 3 400 шақырымда – құрылыс және жаңарту, 324 шақырымда – күрделі жөндеу және 5 200 шақырымда – орташа жөндеу. Жоспарланған жұмыстарды орындауға 12 мың бірлік арнайы техника, 25 мыңнан астам маман және 193 асфальтбетон зауыты жұмылдырылады. Жобаларды жүзеге асыру барысында 10 млн текше метр қиыршық тас пен 1,3 млн тонна отандық битум қолданылмақ. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, халықаралық және республикалық маңыздағы автожолдардың желісін жаңғырту аясында 3 400 шақырымда құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары басталды.

«Биыл ұзындығы 2 153 шақырымды құрайтын ауқымды 7 жаңа жоба бар. Олар: Орталық-Батыс, Қарағанды-Жезқазған, Атырау-Доссор, Қызылорда-Сексеуіл, сондай-ақ Сарыағаш, Қызылорда және Петропавл қалаларының айналма жолдары. Атап өту керек, осы аталған барлық жобаның құрылысында отандық тауар өндірушілердің материалдарын пайдалану және жергілікті мамандарды тарту көзделген. Сонымен қатар жыл соңына дейін Ұлытау облысы бойынша 208 шақырым болатын Қызылорда-Жезқазған автожолының негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, екі облыс арасындағы қозғалысты толықтай ашуды жоспарлап отырмыз», – деді спикер.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 30-40 жылдар бойы мүлдем жөнделмеген жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 5 200 шақырымды құрайтын 124 нысанда орташа жөндеу жүргізіледі. Жылдың соңына дейін 2 мың шақырым жолды қолданысқа беру жоспарланған. Ал күрделі жөндеу 54 нысанда немесе 324 шақырымда жүргізілмек.

Сондай-ақ 2026 жылғы кешенді мақсатты бағдарлама шеңберінде 200 мың шаршы метрден астам ауданда шұңқырлар жөнделуде. Бүгінгі күні 30 мың шақырымда жұмыстар орындалды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында 7 858 бірлік жол белгілері орнатылып, жаңартылмақ. Оның бүгінгі күні 3 083 бірлігі орнатылды.

Бекітілген технологиялық талаптарға сай 51 955 шақырымда жол таңбалары жаңартылуда. Сондай-ақ жолды абаттандыру және қауіпсіздікті арттыру шаралары жалғасуда. 101 мың дана катафоттарды қою, 578 мың бойлық метрден астам ауданда жарықтарды құю және 2 268 дана шақырымды көрсететін белгілерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Орташа жөндеу жұмыстары аясында еліміздің туризм саласын дамыту бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Былтыр Қарқаралы ұлттық паркі, Хан Ордасы резиденциясы, Алжир кешені, Қорғалжын қорығы, Алтынемел ұлттық паркі, Сауран қалашығы және Баянауыл курортты секілді маңызды туристік бағыттарда 360 шақырым жолда жөндеу жүргізілді. Биыл Көлсай, Қайыңды ұлттық парктері, Кендірлі, Осинов асуы, Катонқарағай және Рахман қайнары секілді ерекше табиғаты бар жерлерге алып баратын жолдар жөндеуден өтуде. Жалпы туристік, мәдени және тарихи кешендер бағытында жылдың соңына дейін 2 мың шақырым жол жөндеуден өтіп, демалушылардың игілігіне берілмек.