​Бір топ баланы ұрған жасөспірімнің ісін министр жеке бақылауына алды

0
124

Министр жергілікті атқарушы органдардың өз міндеттерін толықтай орындамай отырғанын айтты.


​Бір топ баланы ұрған жасөспірімнің ісін министр жеке бақылауына алды

Фото: видеодан алынды

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желіде жасөспірім бір топ баланы тұрғызып қойып, ұрып жатқан бейнежазбаға қатысты түсінік берді, деп жазады inform.kz.

- Әдетте жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты әлеуметтік желілердегі жазбаларды тұрақты бақылауға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан жарияланған арыз-шағымдарды демалыс күндері арнайы қарап шығуға тырысамын. Кейде әлеуметтік желілер арқылы расымен де алаңдаушылық тудыратын мәселелерден хабардар болып жатамыз. Мысалы, Алматы облысы оқушыларының шағымы мені бейжай қалдырмады. Мәселе білім алушылардың құқығы бұзылуы, мектептегі тамақтану жағдайының санитариялық талаптарға сай ұйымдастырылмауы сияқты фактілердің болу ықтималдығына байланысты, - деп жазды желідегі парақшасында Ғани Бейсембаев.
Осы орайда министр жергілікті атқарушы органдардың өз міндеттерін толықтай орындамай отырғанын айтты.
- Бала құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыда күшейту мақсатында министрлік тарапынан үш негізгі заңнамаға 94 түзету енгізіліп, 2024 жылы тексеруден өткен 342 білім беру ұйымының 24-інде басшылар әкімшілік, 78-і тәртіптік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, мұндай жағдайлар әлі де кездесіп отыр. Аталған жағдай жеке бақылауымда. Балалардың құқығын қорғау комитеті мен аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің қатысуымен арнайы жұмыс комиссиясын құруды тапсырдым. Комиссия қолданыстағы заңнама аясында барлық қажетті шараны қабылдайды. Алматы облысының басшылығы бұл мәселені шұғыл түрде қолға алып, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін нақты әрі жүйелі іс-шаралар қабылдайды деп сенемін, - дейді ведомство басшысы.
Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, әр баланың қауіпсіздігі – білім беру жүйесінің барлық деңгейінде орындалуы тиіс стратегиялық міндет.
- Балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің тұрақты бақылауындағы мәселе екенін жергілікті әкімдіктер де жақсы біледі. Тағы да өңірлердегі білім саласының басшыларын осындай маңызды мәселелерге жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамын, - дейді министр.
Еске сала кетейік, Алматы облысында жасөспірім әлімжеттік жасаған жайтты полиция тексеріп жатқанын хабарлаған едік. Оқиға Алматы облысы Іле ауданында болған.
Былтыр Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Жамбыл облысындағы мектепке бөгде адамдардың келуі және мұғалімдерден ақша жинау оқиғасына қатысты пікір білдіріп, алаңдаушылық танытқан еді.