Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстандық BilimClass білім беру платформасына жасалған кибершабуыл кезінде белгісіз біреу бірнеше оқу пәнінің атауын өзгертіп жіберген, - деп жазады Tengri Education.
Компанияның мәліметінше, қазір платформаның жұмысы қалпына келтірілді.
"Сағат 09:00-дегі тексеру нәтижесіне сәйкес, кибершабуыл кезінде қаскөй мәтін аудару қызметіне қол жеткізіп, кейбір оқу пәндерінің атауын өзгерткен. Оның әрекеті дереу тоқтатылды", – делінген компания таратқан мәлімдемеде.
BilimClass мамандары платформаға кірудің уақытша шектелуі пайдаланушылардың деректеріне әсер етпегенін және олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Қазір тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Компания оның нәтижелері туралы қосымша хабарлайтынын жеткізді.
"Барлық пайдаланушымыздан кешірім сұраймыз. Сіздердің алдарыңыздағы жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз. BilimClass платформасын қауіпсіз әрі қолайлы пайдалана алуларыңыз – біз үшін басты міндет", – деп мәлімдеді компания өкілдері.


