BilimClass білім беру платформасына кибершабуыл жасалды

0
52


BilimClass білім беру платформасына кибершабуыл жасалды

gov.kz

ERNUR.KZ. Қазақстандық BilimClass білім беру платформасы кибершабуылға ұшырағанын мәлімдеді. Бұдан екі күн бұрын мұғалімдер электрон журналдың жұмысындағы ақауға жаппай шағымданған еді. Салдарынан тұтас тоқсан бойы берілген үй тапсырмалары журналда көрінбей қалған, деп жазады Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

BilimClass мәліметінше, кибершабуыл 29 қарашада сағат 01:09-да жасалған. Мамандар жүйені тексеруге кірісіп, пайдаланушылардың деректерін қорғау үшін алғашқы шараларды қабылдаған. Әзірге шабуыл жасағандардың жеке мәліметтерге қол жеткізген-жеткізбегені белгісіз.

«Қазір біз үшін ең маңыздысы – оқушылардың, ата-аналар мен педагогтердің деректерін қорғау. Мамандарымыз алғашқы шараларды қабылдап, кибершабуылдың платформа жұмысына қалай әсер еткенін анықтап жатыр», – деп мәлімдеді платформаны әзірлеушілер.

Компания туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, қосымша ақпаратты ресми арналарында жариялайтынын жеткізді.

Бұған дейін мұғалімдердің электрон журналындағы үй тапсырмалары жоғалып кеткен еді

BilimClass платформасындағы мәселелер 27 қарашада басталған. Сол күні қазақстандық педагогтер электрон журналдың жұмысына жаппай шағымданды. Кейбір мұғалімдердің бір тоқсан бойы енгізген үй тапсырмалары көрінбей қалса, енді біреулері екі оқу кезеңіндегі жазбаларды таба алмағанын айтқан.

«BilimClass жүйесіндегі ақаудан кейін барлық сыныпқа берген үй тапсырмаларым жоғалып кетті. Бір тоқсанның тапсырмасы түгел жоқ! Әріптестер, сіздерде де солай ма? Қалпына келгенін күтеміз бе, әлде тоқсан басында қандай тапсырма бергенімізді еске түсіріп, қайта жазамыз ба?» – деп шағымданды мұғалімдер әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ, пайдаланушылар қосымшаға кіру, бағалар мен сабақ кестесін көру кезінде қиындықтар туындағанын хабарлады.

Платформаны әзірлеушілер не деді?

27 қарашада BilimClass өкілдері жүйеде техникалық ақау болғанын растап, пайдаланушылардың деректері сақталғанын мәлімдеді. Сол кезде жүргізілген тексеру нәтижесінде деректердің сыртқа таралуы анықталмаған.

Техникалық жұмыстар жүргізу және жүйенің қауіпсіздігін күшейту мақсатында 28 қараша түн ортасына дейін платформаға кіру уақытша шектелген.

Қазақстан мектептерінде BilimClass платформасы қағаз журналдар мен күнделіктердің орнына қолданылады. Мұғалімдер жүйе арқылы баға қояды, оқушылардың сабаққа қатысуын белгілеп, үй тапсырмаларын енгізеді. Ал оқушылар мен ата-аналар сабақ кестесін қарап, оқу үлгерімін қадағалай алады.