Білікті мамандар үшін жаһандық бәсеке: сарапшылар «Алтын визаның» әлеуетін жоғары бағалады

0
98

Жоғары білікті мамандар үшін ғаламдық бәсеке күшейіп келеді.


Білікті мамандар үшін жаһандық бәсеке: сарапшылар «Алтын визаның» әлеуетін жоғары бағалады

ERNUR.KZ. Жаһандық экономиканың жаңа талаптары заманауи кадрлық саясат пен жаңа дағдыларды қажет етеді. Осыған орай жоғары білікті мамандарды тарту мәселелері «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында өткен дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы болды. Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Халықаралық көші-қон ұйымы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері пікір алмасты.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Қазақстанның жоғары білікті мамандар, инвесторлар мен халықаралық қабілетті мамандарды тартуға бағытталған заманауи көші-қон саясатын қалыптастыру, адами капиталды дамыту және көші-қон үдерістерін цифрландыру мәселелерін талқылады.

Шетелдік капиталды тарту тетіктерін жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар шетелдік мамандар, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін Қазақстанға келу, тұру және ұзақ мерзімді еңбек етуге қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жаңа саясаттың сыртқы және ішкі көші-қонды тиімді реттеуге, шетелдік адами капиталды тартуға және көші-қон рәсімдерін толық цифрландыруға бағытталғанын атап өтті.

«Құжатта “QazETA” бірыңғай цифрлық платформасын “e-Residency” модулімен енгізу, “e-Residency Invest” бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ жоғары білікті мамандар, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін бірқатар артықшылықтарды көздейтін арнайы “Алтын визаны” енгізу қарастырылған», – деді Ербол Тұяқбаев.

Ол «Алтын виза» жаңа көші-қон саясатының негізгі тетіктерінің біріне айналатынын атап өтті. Бұл механизм стратегиялық инвесторлар мен экономикаға қажетті білікті мамандардың құқықтық мәртебесін ұзақ мерзімді негізде бекітуге бағытталған. «Алтын визаны» енгізу 2026 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

Ұсынылған бастамалар сарапшылар тарапынан оң баға алды. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская жаһандық бәсеке жағдайында мемлекеттер білікті кадрлар үшін күресті күшейтіп, адами капиталды орнықты экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырып отырғанын атап өтті.

«Қазақстан білікті мамандарды тартудың өңірлік орталығы ретінде проактивті позиция ұстана отырып, ішкі мобильділікті теңгерімді аумақтық дамудың маңызды ресурсы ретінде пайдалана алады», – деді ол.

Бастамаларға Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері де қолдау білдірді. Ұйым өкілдерінің пікірінше, икемді әрі ашық көші-қон жүйесін қалыптастыру – Қазақстанның жаһандық бәсекеге бейімделуіндегі маңызды қадам.

«Мемлекет басшысының шешімін іске асыру халықаралық білікті мамандар мен инвестицияларды тартуға ғана емес, сонымен қатар қазақстанның жастарын болашақ еңбек нарығына бейімдеуге де жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті ХКҚҰ миссиясы басшысының м. а. Әлия Белоносова.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық тәжірибені ескере отырып көші-қон саясатын одан әрі жетілдірудің, адами капиталды дамытудың және мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ бұл бастамалар Қазақстанның өңірлік білікті мамандар хабына айналуына серпін беретіні айтылды.