Бектенов Ресейдегі бензин тапшылығы аясында кеңес өткізді

0
96

​Қазақстанда жанар-жағармай нарығына бақылау күшейтілді. Бұған елден отынды заңсыз алып шығу әрекеттерінің жиілеуі себеп болған.


Бектенов Ресейдегі бензин тапшылығы аясында кеңес өткізді

фото: pixabay

ERNUR.KZ. Бұл мәселе премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен арнайы кеңесте талқыланды, деп жазады ulysmedia.kz.

Кеңесте премьер-министр мемлекеттік органдардың ішкі отын нарығын тұрақтандыру және мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің алдын алу бойынша атқарып жатқан жұмысы туралы есебін тыңдады.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жанар-жағармай нарығындағы жағдай тұрақты. Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бензин, дизель отыны және авиаотын қоры ішкі сұранысты толық өтеуге жеткілікті.

Энергетика министрлігі жанармай өндірісі мен жеткізілімі тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.

Отын әкетудің жүздеген әрекеті тоқтатылды

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бері автокөлік өткізу бекеттерінде мұнай өнімдерін елден алып шығудың 593 әрекеті тоқтатылған.

Тәркіленген отынның жалпы көлемі 40 мың литрден асқан.

Шекара маңындағы аумақтарда бақылау күшейтіліп, тексерумен айналысатын қызметкерлер саны арттырылған.

Жанармай таситын көліктер мен бекеттер тексеріліп жатыр

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, мобильді топтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Кейінгі екі тәулікте өткізу бекеттерінде жалпы көлемі үш тоннадан асатын отынды алып шығудың 61 әрекеті тоқтатылған. Жанармай қосымша бактар мен канистрлерге құйылып тасымалданған.

Бұдан бөлек, жанар-жағармай тасымалдайтын 18 арнайы көлік тексерілген. 34 тонна көлеміндегі бір жүк бойынша сараптама жүргізу үшін сынама алынған.

Қазір мемлекеттік кірістер органдары қызмет көлемі күрт өскені байқалған 62 жанармай құю бекеті мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының жұмысын талдап жатыр. Бұл нысандар бойынша қосымша тексерулер жүргізіледі.

Контекст

Ресейдегі отын мәселесі аясында қазақстандық жанармайға сұраныс айтарлықтай артқан.

Жанармай бағасының өсуіне байланысты ресейліктер Қазақстанның шекара маңындағы өңірлеріне бензин мен дизель алуға жиі келе бастаған. Себебі Қазақстанда жанармай бағасы әлдеқайда арзан.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде отынды тек көліктің негізгі багына емес, жүк көліктеріне орнатылған қосымша бактарға, бөшкелер мен түрлі ыдыстарға құйып жатқан видеолар жиі жарияланып жүр.