Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін ұйымдарда ерекше тәртіп енгізілді

0
79

2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы балаларды тамақтандыру, олардың тұруы, медициналық көмек көрсету, білім беру, оларды тәрбиелеу және сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын субъектілерге қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі енгізілген заңға қол қойды.


Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін ұйымдарда ерекше тәртіп енгізілді

ERNUR.KZ. Бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібін енгізу санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз етуге; себеп-салдарға ден қоюға ғана емес, бұзушылықтардың алдын алуға көшуге; қоғам мен ата-аналар үшін бақылаудың ашықтығын арттыруға; қызметтің өнім берушілерінен бастап процеске қатысатын барлық субъектінің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік берді. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде осылай деді.

Оның айтуынша, ерекше тәртіп кәсіпкерлерге қысым жасауға бағытталмаған. Оның мақсаты – тәуекелдердің алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Ерекше тәртіпті енгізу – бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталған жүйелі шешім. Және бұл соңғы жылдары санэпид саламаттылық саласында шешімін таппай келе жатқан проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Жүргізілген практикалық талдау нәтижесі Кәсіпкерлік кодекс шеңберінде іске асырылатын мемлекеттік бақылаудың қазіргі қолданылып жүрген тәртібі балалар күн сайын болатын объектілерде мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың профилактикалық бағыты болмайтынын көрсетті. Тексерулер балалардың денсаулығына зиян келтірілгеннен кейін ғана жүргізілуде», – деді спикер.

Салдарынан бұл мектеп оқушылары арасында жаппай тамақтан улануының өсуіне; балалар үйлерінде, интернаттарда, сауықтыру ұйымдарында өрескел санитариялық бұзушылықтардың өсуіне; балалар арасында қызылша және көкжөтел сияқты инфекциялармен аурудың өсуіне; жүргізілген егулер туралы жалған жазбалардың көбеюіне; медициналық ұйымдардың инфекциялық ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізбеуіне, балалар арасында туберкулезбен сырқаттанушылықтың өсуіне алып келді.

Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отырғанына қарамастан, бақылау субъектілері балалардың нақты қауіпсіздігін қамтамасыз еткен жоқ. Өз кезегінде, тіпті адал қызмет көрсететін бақылау субъектілерінің өзі де СЭС органдары алдымен тек айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданатынын біліп, тексеруден жиі жалтара бастады. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді.