Атырау облысында жасөспірімдер қатарластарын тепкінің астына алды

0
102

Желіде тараған видеодан екі жасөспірімді жерге құлатып, жатқан күйде денесі мен басынан жұдырықпен ұрып, тепкілеп жатқанын көруге болады.


Атырау облысында жасөспірімдер қатарластарын тепкінің астына алды

ERNUR.KZ. Жылыой ауданында бірнеше оқушы қатарластарын аяусыз соққыға жықты. Олар бұл әрекетін видеоға да түсірген, деп жазады stan.kz.

Желіде тараған видеодан екі жасөспірімді жерге құлатып, жатқан күйде денесі мен басынан жұдырықпен ұрып, тепкілеп жатқанын көруге болады.

Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп бұзған жасөспірімдердің жасы 13-те және 14-те.

“Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Жасөспірімдер ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылып, жиналған материалдар тиісті шара қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды”, – деп мәлімдеді ведомство.

Сонымен қатар ата-аналар балаларды тәрбиелеу, оқыту және асырау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін Астанада дамуында тежеуі бар оқушыны қатарластары соққыға жыққаны туралы жазған едік. Анасының сөзінше, сабақтан кейін ұлын сегіз бала күтіп тұрған. Кейін олардың бірі жасөспірімге арт жағынан шабуыл жасап, қылғындырып, ұра бастаған. Қалғандары жанында тұрып күліп, болған оқиғаны телефонға түсіріп, басқа балалардың араша түсуіне мүмкіндік бермеген.

"Менің балама 15 рет соққы жасаған. Ең сорақысы, менің балам өзін не себепті ұрып-соғып жатқанын толықтай түсінбеген. Буллинг ұрған адам ғана емес. Бұл – үндемей тұрғандар, айдап салғандар, видеоға түсіргендер және топ болып баланы қорлап жатқанын бақылап тұрғандар", – деп жазды оқушының анасы.