Атырау облысында 15,5 мың тонна сыйымдылығы бар көкөніс сақтау қоймасын қамтитын заманауи логистикалық орталығы іске қосылды.
ERNUR.KZ. Бұл – Батыс Қазақстандағы ірі және қазіргі технологиялық деңгейдегі алғашқы нысан. Ол аймақтағы ауыл шаруашылығы логистикасын дамытуға және негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Логистикалық орталықтың жалпы ауданы 30 гектарды құрайды. Кешен ыңғайлы көлік аймағында орналасқан және бес теміржол тармағын, контейнер алаңын, «А» санатындағы 5 400 шаршы метрлік қоймаларды, өндірістік кешендер мен көкөніс сақтау қоймасын қамтиды.
Қойманың жалпы ауданы 8 200 шаршы метр. Нысанда –25 °C-тен +25 °C-қа дейінгі температуралық режимі реттелетін 28 сақтау камерасы бар. Қойма автоматтандырылған температура мен ылғалдылықты бақылау жүйелерімен, заманауи салқындату құралдарымен, желдету және ауа райын басқару жүйелерімен жабдықталған. Бұл кешеннің үздіксіз және тиімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Орталықтың ерекшелігі – бананның пісуіне жағдай жасалған камера. Тұтынушылардың сұранысына байланысты банан кезең-кезеңімен нарыққа шығарылып отырады.


