Астанадағы автобус апаты: дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

0
143

Оқиға салдарынан 10 адамның зардап шеккен болатын.


Астанадағы автобус апаты: дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Фото:Tengrinews.kz

ERNUR.KZ. Астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы автобус апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берді, деп жазады tengrinews.kz.

Ведомство мәліметінше, ересек науқас жансақтау бөлімінен политравма бөлімшесіне ауыстырылған, жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.

"Қыз бала (8 жаста – еск.) әлі жансақтау бөлімінде, бірақ есін жиған. Өміріне қауіп жоқ, жағдайы тұрақты ауыр, бірақ бұрынғыдай нашар емес. Үшінші науқас та политравма бөлімшесінде ем қабылдап жатыр", – деді Қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.

Сондай-ақ, мекеме аяғынан айырылған 8 жастағы қыздың да жансақтау бөлімінен политравма бөліміне ауыстырылатынына үміт білдірді.

"Жағдайының оң динамикасына қарап, мүмкін бүгін ауыстырылып қалар. Бірақ бәрі денсаулығының жақсаруына байланысты. Анасы жанында болады, психологтар жұмыс істейді – қызбен де, анасымен де", – деді басқарма өкілдері.

Еске салайық, 2 маусымда Астанада автобус жол бойындағы бағанаға соғылған болатын. Жол-көлік оқиғасы Республика даңғылында болған.

Оқиға салдарынан 10 адамның зардап шеккені хабарланды. Олар елорданың түрлі стационарларына жеткізілген. Екі адам Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызылған.

Апат сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған: видеода автобус Республика даңғылымен баяу жүріп келе жатып, бағанаға соғылғаны көрінеді.

3 маусымда жол апатында зардап шеккендердің бірі – 8 жастағы қызға ампутация жасалғаны туралы ақпарат пайда болды. Жедел жәрдем бригадалары жалпы 15 адамды ауруханаларға жеткізген. Үшеуі ауруханаға жатқызылып, қалғандары үйлеріне жіберілген.