Астанада жекеменшік клиникада жоспарлы отаға дайындалған запастағы полковник көз жұмды

0
247


Астанада жекеменшік клиникада жоспарлы отаға дайындалған запастағы полковник көз жұмды

Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Астанадағы жекеменшік клиникалардың бірінде жоспарлы отаға дайындалып жатқан 51 жастағы запастағы полковник қайтыс болды. Оның туыстары болған оқиғаға байланысты жан-жақты және әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр, деп жазады Stan.kz.

Марқұмның қызы оқиға туралы Threads әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, әкесі мұрын қалқасын түзетуге арналған септопластика және ұйқы кезінде тыныстың уақытша тоқтауын (апноэ) емдеуге бағытталған увулопластика отасына дайындалып жатқан. Алайда операцияның өзіне дейін жете алмаған.

Марқұмның қызының сөзінше, отаға дайындық кезінде науқасқа көктамыр арқылы дәрі енгізілген. Осыдан кейін оның жағдайы күрт нашарлаған. Көп ұзамай ер адамның жүрегі тоқтап қалған.

Науқас шұғыл түрде Астанадағы №2 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген. Ол терең кома жағдайында болған. Дәрігерлер алты күн бойы оның өмірі үшін күрескен. Десе де ер адамды аман алып қалу мүмкін болмаған.

Мәліметке сәйкес, өлімге ми ісінуі себеп болған.

Марқұмның жақындары оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті тексеруді талап етіп отыр. Сонымен қатар олар науқасқа енгізілген препараттың тексерілуін және медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға берілуін сұрады.

“Әкем жоспарлы отаға ғана барған еді, бірақ үйге оралмады. Біз енгізілген препараттың толық тексерілуін және медицина қызметкерлерінің әрекетіне қатаң құқықтық баға берілуін талап етеміз. Құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдерінен біздің қайғымызға бейжай қарамауды сұраймыз. Бізге әділ, объективті тергеу қажет. Шындық анықталып, мұндай қайғылы жағдайлар басқа отбасыларда болмауы тиіс”, – деп жазды қызы.

Қызының сөзінше, клиника қайғылы жағдайға қарамастан жұмысын жалғастырып жатыр.

“Мұндай оқиғадан кейін жекеменшік клиника қалай жұмысын жалғастыра алады? Осы препараттың кесірінен тағы қанша адамның өміріне қауіп төніп тұр? Қазір сот-медициналық сараптама жүріп жатыр. Біз Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми қорытындыларын күтіп отырмыз”, – деп мәлімдеді марқұмның қызы.