Вакцина бірінші кезекте қауіп-қатер тобындағы азаматтарға тегін жасалады.
ERNUR.KZ. Астанада 15 қыркүйектен бастап иммундау науқаны ресми түрде басталады, деп жазады baq.kz.
Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева мәлімдеді.
Айтуынша, вакцина бірінші кезекте қауіп-қатер тобындағы азаматтарға тегін жасалады.
Тұмауға қарсы екпе ең алдымен медициналық қызметкерлерге, диспансерлік есепте тұрған балаларға, балалар үйі мен сәби үйінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйіндегі азаматтарға егіледі. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер, жүрек-қантамырлары мен тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, мектеп оқушылары және жабық мекемелердің контингенті қамтылады, – деді ол.
Сондай-ақ ведомство өкілі халықты вакцинамен қамту үшін Ресейде өндірілген "ГРИППОЛ+" препаратының 145 мың дозасы сатып алынғанын айтты.
Екпе алу – тек өзіңіздің ғана емес, жақындарыңыздың да денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолы. Вакцинация ауыр асқынулардың алдын алады әрі ұжымдық иммунитет қалыптасуына үлкен үлес қосады, – деп атап өтті Жанна Пірәлиева.