Алматыдағы құбыр зауытында жұмыс істейтін 18 жастағы қызметкердің қолын станок жұлып кеткен

0
132

Қызметкерлердің бірі жұлынған қолды да пакетке салып алып барған.


Алматыдағы құбыр зауытында жұмыс істейтін 18 жастағы қызметкердің қолын станок жұлып кеткен

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Алматыдағы құбыр зауытында жұмыс істейтін 18 жастағы Бекжанның қолын станок жұлып кеткен. Жантүршігерлік жағдай кәсіпорындағы бейнекамераға түсіп қалған, деп жазады stan.kz.

Бекжан алғашында зауытқа жүк тасушы болып жұмысқа тұрған. Бірақ қызметкерлердің бірі оны аппаратқа тұрғызып қойған. Тіпті қауіпсіздік ережелерін де түсіндірмеді дейді бозбала. Кейін өзі еш ескертпестен басқа станокпен жұмыс істеуге кетіп қалып, мені жалғыз қалдырды деп отыр.

“Саид деген ауысымның жетекшісі болады. Ол аппаратта жұмыс істеу труба тиеуден оңай деп тұрғызып қойды. Ол кісімен бірге істеп жатқанбыз. Сосын ол басқа аппаратқа кетіп қалды. Тіпті маған “сен істемей тұра тұр” деп ескертпей, басқа аппаратқа кетіп қалды”, – дейді қолынан айырылған Бекжан.

Зауыттың басшылығы бұл жөнінде пікір білдіруден бас тартты. Бекжан айтып отырған Саид мырза да қарсы болды. Бірақ кейін райынан қайтып, сұрағымызға жауап берді. Айтуынша, Бекжанға басқа станокқа бара жатқанын ескерткен, бірақ бозбала құлақ аспаған.

“Бекжанға ағалардың көзінше “сен жұмыс істемей, бір 20 минут отыра тұр, мен қайтып келемін екеуіміз бірге бастаймыз” деп айттым. Енді Бекжанға “Неге өйтіп істедің, інім? Мен саған отыра тұр деп айтпадым ба” десем, “кешіріңізші, аға, мен ойланып кетіппін” деді. Оны менің жұмысымдағылардың бәрі естіді”, – дейді куәгер Сабидин Асанов.

Оқиғадан кейін Бекжанды ауруханаға кәсіпорын қызметкерлері апарған. Тіпті жұлынған қолды да пакетке салып алған. Сол себепті Бекжанның анасы балама медициналық көмек уақытында көрсетілмеді деп налиды.

“Жедел жәрдем шақырмай, баламды алып, қолын жгутпен байлаған. Қолын пакетке салып алып, өздерінің машинасымен 2 жұмысшы ауруханаға апара жатқан. Сосын жол бойына тоқтатып қойып, 1 сағаттай күттіріп қойған. Балама екі көк журналды алып келіп, қол қойдыртқан”, – дейді жәбірленушінің анасы Сәуле Уәличаева.

Ол ұлы қажет ем-домын ала алмай қала ма деп қорқады. Сөзінше, зауыт басшылығы 4 миллион теңге ұсынған. Алайда баламның протезі 17 миллион теңге тұрады, қалған ақшаны қайдан аларымды білмеймін деп отыр.