Алматыда тұрғын үй өртеніп, 148 адам құтқарылды: біреуі көз жұмды

0
127

Өрттің өршуіне өрт туралы хабардың кеш түсуі себеп болған.


Алматыда тұрғын үй өртеніп, 148 адам құтқарылды: біреуі көз жұмды

фото: Пресс-служба МЧС Казахстана

ERNUR.KZ. Алматыда 13 қабатты тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде 148 адам құтқарылды, деп жазады sputnik.kz.
23 тамыз күні Әди Шәріпов көшесі, 145 мекенжайындағы 13 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт болды. Өрт сөндірушілерге сағат 22:49-да хабарлама түскен.
"Алғашқы бөлімшелер 5 минутта оқиға орнына жеткен сәтте, екінші кіреберістің техникалық бөлмесі мен қабаттарында кабельдердің, сондай-ақ бірінші кіреберістің 7-13 қабаттарындағы электр қалқандарының отқа оранғаны анықталды", - дейді өрт сөндіру қызметінде.
Өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді. Құтқару кезінде баспалдақ арқылы 148 адам, оның ішінде 9 бала сыртқа шығарылды. Төрт адам ауруханаға жеткізілді.
"Зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде табылды. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері реанимациялық шаралар жүргізгенімен, зардап шеккен адамды құтқарып алу мүмкін болмады", - дейді өрт сөндірушілер.
Өртті сөндіруге ТЖД-ның шамамен 90 қызметкері мен 25 арнайы техникасы жұмылдырылды.
Өрттің өршуіне өрт туралы хабардың кеш түсуі себеп болған. Тұрғындардың алдын ала мәлімет бойынша, автоматты өрт дабылы өрт сөндіру бөлімшелеріне қоңырау шалынғанға дейін бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Алайда тұрғындар тарапынан өртке қарсы қызметке дер кезінде хабарлама түспеген.
Бұған дейін өрт-техникалық тексеру нәтижелері бойынша анықталған өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтарын жою жөнінде жауапты тұлғаларға нұсқама берілген.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.