Алматыда саябақта тұрғындарға тап берген жасөспірім қыздар ұсталды

0
101

​Алматыда полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы мінез-құлық көрсету фактілерінің жолын кесті.


Алматыда саябақта тұрғындарға тап берген жасөспірім қыздар ұсталды

ERNUR.KZ. Алматыда қоғамдық тәртіпті бұзған жасөспірімдер анықталып, ұсталды, деп жазады baq.kz.

Тексеру жүргізуге әлеуметтік желілерде таралған бейнематериалдар негіз болды. Онда бір топ жасөспірімдердің азаматтарға қатысты агрессивті әрі әдепсіз әрекеттері бейнеленген.

Аталған деректер бойынша Медеу және Алмалы аудандарының полиция басқармалары тарапынан тексеру іс-шаралары жүргізіліп, кәмелетке толмағандардың жеке бастары анықталып, аумақтық полиция бөлімшелеріне жеткізілді.

Анықталғандай, жасөспірімдер Тәжікстан Республикасының азаматтары болып табылады. Барлық кәмелетке толмағандар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Тексеру нәтижелері бойынша олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, аталған тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасы шеңберінде ел аумағынан шығару шаралары қабылдануда, - деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта әрбір дерек бойынша тексеру жалғасуда. Қорытындысы бойынша жасөспірімдердің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.

Алматы қаласының полициясы мұндай жағдайларда, ең алдымен, ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екенін, сондай-ақ балалардың үйден тыс уақыттағы мінез-құлқына тиісті бақылау жүргізу қажеттігін ескертеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда саябақта жасөспірім қыздардың тұрғындарға тиіскені хабарланған еді.