Ота 5 сағаттан астам уақытқа созылды.
фото: gov.kz
ERNUR.KZ. 34 жастағы ер адам жүрек трансплантациясын күтіп республикалық тізімде тұрған. Мұндай ота Алматы қалалық кардиологиялық орталығында алғаш рет жасалып отыр, деп жазады inbusiness.kz.
Ота ҚКО-ның мультидисциплинарлық командасы мен University Medical Center (Астана) мамандарының бірлесуімен жасалды. Операцияға ҚКО директоры Ермағамбет Қуатбаев пен UMC корпоративтік қоры басқарма төрағасы, профессор Юрий Пя жетекшілік етті.
UMC командасы әріптестеріне қолдау көрсету үшін Алматыға жедел жеткен.
Донор – артериялық гипертензияның ауыр түрімен ауырған, инсульт алған 50 жастағы әйел болды. Ол Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына шұғыл жеткізілген. Дәрігерлер консилиумы ми өлімін анықтап, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа мүмкіндік бар екенін растаған. Туыстары келісім берген соң донорлық процесс ұйымдастырылған.
"Адамдарға үндеу жасағым келеді: энергетикалық сусын ішпеңіздер. Менің ауруым дәл солардан басталды. Алдымен күніне 1 бөтелке ішетінмін, кейін күніне 8-10 энергетикке дейін жетті. Бұған мән бермедім, ауыр диагноз қойылғанға дейін. Бүгін дәрігерлердің арқасында тірімін. Енді денсаулыққа қаншалықты мұқият қарау керек екенін түсіндім", – деді науқас.
Ауруханадан шыққаннан кейін науқас тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркеліп, динамикалық бақылауда болады.
Жүрек трансплантациясын қоса алғанда, стационарлық ем, шығарылғаннан кейін қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, әрі қарайғы оңалту мен бақылау мемлекет есебінен, тегін медициналық қызметтердің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.


