TAV Airports компаниясы Алматы халықаралық әуежайының негізгі иесі саналады.
Фото: 2GIS
ERNUR.KZ. Алматы әуежайының иесі Еуропалық одақ санкция салған ресейлік әуе компаниясына қызмет көрсетіп отыр деген ақпарат тарады. Деректерге сүйенсек, "Уральские авиалинии" ұшақтары Еуропалық одақ санкциясына қарамастан, Түркияның Анталья әуежайына әлі де қатынайды, деп жазады stan.kz.
TAV Airports компаниясы Алматы халықаралық әуежайының негізгі иесі саналады. Компания Францияның Groupe ADP тобына кіреді және әлемнің сегіз еліндегі 15 әуежайды басқарады. Енді осы компанияның қызметіне қатысты мәселе туындады.
Британдық Financial Times басылымының мәліметінше, TAV Airports Түркияның Анталья әуежайында Еуропалық одақ санкция салған ресейлік "Уральские авиалинии" әуе компаниясының рейстеріне қызмет көрсетуді жалғастырып келеді. Еуропалық одақ "Уральские авиалинии" компаниясына 2024 жылғы маусымда санкция салған. Соған қарамастан оның ұшақтары Түркияның Анталья әуежайына әлі де қатынап жүр. 21 қыркүйектен бастап әуежайдың ұшу және қону кестесінде осы компанияның Мәскеу мен Волгоград сияқты қалаларға қатынайтын кемінде 54 рейсі көрсетілген.
TAV Airports компаниясы санкцияларды бұзбағанын айтады. Компанияның түсіндіруінше, Анталья әуежайына қандай әуе компанияларының ұшатынын Түркия билігі шешеді. Ал санкцияға іліккен ресейлік ұшақтарға тек заң бойынша міндетті қызметтер ғана көрсетіледі. TAV мұны санкция талаптарын бұзу деп есептемейді.
Еуропалық заң бойынша, компания кей жағдайда шетелдегі бөлімшесінің жұмысына толық бақылау жасай алмауы мүмкін. Мысалы, оған сол елдің заңдары кедергі келтіруі ықтимал. Бірақ халықаралық санкциялар жөніндегі заңгердің пікірінше, мұндай жағдайды келісімшартпен ғана түсіндіру жеткіліксіз болуы мүмкін.
Әзірге Францияның Экономика және қаржы министрлігі, мемлекеттік инвестицияларды басқаратын агенттік және Еуропалық комиссия бұл мәселеге қатысты пікір білдірмеген.
Financial Times мәліметінше, TAV басқаратын Түркия мен Грузиядағы әуежайларды АҚШ санкция салған Иранның әуе компаниялары да пайдаланған. 8 қыркүйекте қара тізімге енген 27 тасымалдаушының кемінде сегізі санкциядан кейін де бірнеше апта бойы рейстерін жалғастырған. TAV бұл компанияларға өзі бақылай алатын қызметтерді көрсетуді тоқтатқанын мәлімдеді.


