Қазір 2-4 жолаушы тасымалданып, сынақтан өтіп жатыр.
Фото: jobyaviation/instagram
ERNUR.KZ. Көлік министрлігі Алатау қаласында ұшқышсыз аэротаксилер сынақ режимінде ұша бастағанын айтты, деп жазады inform.kz.
— Кеше ұшқышсыз әуе таксиі сынақ режимінде ұша бастады. Бұл жобаны мамыр айында іске қосамыз деп айтқан едік. Соның алғашқы ұшулары жүргізіле бастады, — деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметте откен брифингте.
Аэротакси бағасына қатысты министр бұл бүкіл әлем үшін жаңа өнім екенін, әзірге нақты құнын ешкім есептеп бере алмайтынын атап өтті.
— Қазір 2-4 жолаушы тасымалданып, сынақтан өтіп жатыр. Қону алаңдары да салынып, аппараттар сатып алынуда. Әрі қарай жағдайға қарай белгілі болады. Бізге нормативтік-құқықтық актілерді Парламентке енгізу жөнінде тапсырма берілді. Парламент бізді қолдайды деп үміттенеміз, — деп толықтырды министр.
Сонымен бірге, Көлік вице-министрі Талғат Ластаев аэротаксидің техникалық сипаттамалары туралы айтып берді.
— Бұл қытайлық AutoFlight компаниясы шығарған аппарат. Оның техникалық сипаты бойынша ұшу радиусы — 250 шақырым. Ал ең жоғары жылдамдығы — сағатына 200 км. Қазіргі уақытта Алатауда бұл аппарат сынақ ретінде ұшырыла бастады, — деді Т. Ластаев.
Сонымен бірге, тілшілер Нұрлан Сауранбаевтан «Көптен күткен LRT-ға мініп көріңіз бе?» деп сұрады.
— Жолаушы ретінде міну мүмкіндігі болмады, өйткені келген адамдар өте көп болды. Сондықтан сәл кейінірек барып көремін, — деді Көлік министрі.
Айта кетейік, авиациялық қауіпсіздік бойынша Қазақстан әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді.


