Әлеуметтік желіде тараған кадрларда бірнеше адамның жағада жаға жыртысқаны көрінеді.
Lada.kz видеосынан скриншот
ERNUR.KZ. Ақтаудағы айлақтардың бірінде бірнеше ер адам арасында жаппай төбелес болды. Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Кадрларда ер адамдар арасында жанжал туындап, оның соңы жаға жыртысқа ұласқаны көрінеді. Төбелес кезінде қатысушылардың бірі суға құлап кеткен. Куәгерлер жанжалдасқандарды ажыратуға тырысқан.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысқан барлық адам анықталып, ұсталған.
«Ер адамдар арасында жанжал болып, сөзге келіспеушілік кейін төбелеске ұласқан. Оқиғаға қатысушылардың барлығы Ақтау қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп мәлімдеді ведомство.
Төбелеске қатысушылар медициналық көмекке жүгінбеген. Қазір полиция оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.


