Қарағанды облысында және Шымкент қаласында отбасылардың әл-ауқат деңгейін айқындауға арналған скорингтік модельді қолдану арқылы мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр.
ERNUR.KZ. 2025 жылы скоринг мемлекеттік қызметтердің 4 түрін көрсету кезінде қолданылып, нәтижесінде 27,4 мың өтініш беруші қосымша қолдау шараларына ие болды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Қазіргі уақытта «Тұрғын үй көмегін тағайындау», «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау» және «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» сияқты үш қызметті тағайындау кезінде пилоттық аймақтарда скорингтік модель қолданылады.
Пилоттық жоба аясында тұрғын үй көмегі түріндегі қолдауға 1 942 адам өтініш білдіріп, барлық өтініштер қанағаттандырылды.
Жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға 2 356 өтініш түсті. Скорингтік модель бойынша оларды қарау нәтижесінде 913 отбасының әл-ауқатының жоғары деңгейі анықталды.
«Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметіне өтініштер 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қабылдана бастады. Барлығы 1 741 өтініш түсіп, ұпай саны бойынша оның 44-і әл-ауқаты бойынша 6-санатқа жататын отбасылардан екені анықталды.
Сонымен қатар Шымкент қаласы мен Қарағанды облысы мектептерінің әлеуметтік педагогтары үшін «Білім беру ұйымдарының студенттері мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету» қызметіне өтініштерді қабылдау кезінде отбасылардың әл-ауқатының деңгейін тексеру функционалдығы енгізілді.
Скорингтік модельге қолжетімділікті қамтамасыз ететін платформаны 317 мектеп (Қарағанды облысы – 202, Шымкент қаласы – 115) пайдаланады. Аталған білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтері 22382 өтінішті қарады, оның ішінде балл жинау нәтижесі бойынша 74-і тұрмысы жоғары отбасылардан (Қарағанды облысы – 16, Шымкент қаласы – 58) болды.
Пилоттық жоба аясында жергілікті атқарушы органдар тарапынан әл-ауқатының жоғары деңгейіне (6-деңгей) жатқызылған отбасылар қосымша қолдау шараларына мұқтаж емес екені анықталды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуы қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау жүйесін трансформациялауға кірісіп, санаттық қағидаттан мұқтаждық критерийлеріне көшу көзделген.
2025 жылдың мамыр айында алты мемлекеттік орган (ҚР ҒЖБМ, ҚР ОМ, ҚР ТСМ, ҚР ӨҚМ, ҚР ЖИЦДМ және ҚР ЕХӘҚМ) отбасының әл-ауқат деңгейін анықтаудың скорингтік моделін пайдалана отырып, Бірыңғай цифрлық платформа арқылы білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойған болатын.
Отбасының әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерийлерге негізделген. Қосымша қолдау шараларына өтініш білдірген барлық отбасылар 6 санатқа жіктеледі – аса қажеттіліктен (азық-түлікке қаражаттың болмауы) жоғары әл-ауқатқа дейін (материалдық қиындықтар жоқ). Шешім Отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады.
Көмек барлығына бірдей емес, қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Материалдық көрсеткіш ретінде: табыс, мүлік, көлік, несиелердің болуы; және материалдық емес (денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі), сондай-ақ тәуелділік ауыртпалығы және жасырын табыстың болуы, мысалы, бейресми жұмыс есепке алынады.
Мысалы, 2 және одан да көп тұрғын үй, 2 және одан да көп автокөлік бірлігі бар үй шаруашылықтары тіркелген заңды тұлға (ЖК, ЖШС) бар, ал отбасының бір мүшесінің айлық табысы 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен асады, 6 – санатқа жатқызылған-әл-ауқаты жоғары. Мұндай отбасылар жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын алушылар қатарынан шығарылады.
Скорингтік модельді енгізу республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге (барлығы 41 түріне) әсер етпейтінін ерекше атап өткен жөн. Базалық және ынтымақты зейнетақылар, жүктілігі және бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақылар, көпбалалы аналарға және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектік бойынша және мүгедектігі бар күтімі бойынша жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік және басқа да жәрдемақы түрлері өзгеріссіз төленеді.


