​Wi-Fi-ды суға жақын қоймаңыз

0
416

Тағы қандай заттарға жақын қоюға болмайды?


​Wi-Fi-ды суға жақын қоймаңыз

Wi-Fi роутер – кез келген заманауи үйдің маңызды құрылғыларының бірі. Ол болмаса, күнделікті қаншама қызықтан қағыламыз, ісіміз кешеуілдейді, 24/7 байланыста болу да қиынға түседі. Тіпті онсыз үйдегі «ақылды» техникалар да «аөылсыз балаға» айналып, айтқан тілді алмай, жұмыс істеуі қиындайды. Мойындаңызшы, смартфондар, ноутбуктар, теледидарлар, т.б. – бәрі де тәулігіне 24 сағат осы роутерге қосулы тұрады ғой, солай ма?

Бірақ сіз роутерді дұрыс орналастырдыңыз ба, сол туралы ойланып көрдіңіз бе? Оның орналасуы интернеттің жылдамдығына ғана емес, қауіпсіздігіңізге де тікелей байланысты. Ендеше, роутерді қай жерге қоюға болмайтынын және қайда қойған дұрыс екенін қарастырайық.


1. Тез тұтанатын заттар

Бір танысым роутерді киім шкафтарына қойған екен. Бір күні оның үстіне күртеше құлап, роутер балқып кете жаздап, өрт шығуға шақ қалған. Себеп – ауа айналымының болмауы. Роутер қатты қызады, әсіресе оған көп құрылғы қосылса.

Маңызды: Роутерді жабық шкафта, маталардың арасында немесе қағазға жақын жерге қоймаңыз. Wi-Fi сигналы өрт шығармайды, бірақ қызып, қысқа тұйықталу туындауы мүмкін.


2. Металл заттар мен айна

Металл Wi-Fi сигналын қайтарады. Сейф, батарея, металл есік немесе тіпті айна – бұлардың барлығы интернет жылдамдығын әлсіретеді. Сол кезде біз роутерді кінәлап жүреміз.

Факт: Айнада металл қабаты болады, сондықтан үлкен айналар Wi-Fi сигналын қайта шағылыстырып, кедергі жасайды.


3. Су толы ыдыс немесе аквариум

Су радиотолқындарды жұтып алады. Аквариум, ваза немесе су құтысы роутер жанында тұрса, интернет сигналы әлсірейді.

Тексеріп көріңіз: Роутер қасына үлкен бөтелке қойып, интернет деңгейін өлшесеңіз, айырмашылықты байқайсыз.


4. Үй техникасы

Микротолқынды пеш, теледидар, тоңазытқыш секілді құрылғылар (әсіресе ескі үлгілері) Wi-Fi-ға кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені олар да 2,4 ГГц жиілікте жұмыс істейді.

Кеңес: Егер роутеріңіз екі жиілікті (dual-band) болса, 5 ГГц жиілігіне ауысыңыз. Ол жылдамырақ әрі бөгеттерге азырақ сезімтал болады. Бірақ 5 ГГц сигналының қашықтығы қысқарақ.


5. Люминесцентті шамдар

Ескі үнемдеуші шамдар Wi-Fi жиілігіне кедергі келтіріп, сигнал сапасын төмендетуі мүмкін.


6. Кітаптар мен жиһаздар

Шкаф, сервант, кітап толы сөрелер – бұлардың бәрі сигналды бөгейді. Тіпті металл болмаса да, олар радиотолқындардың өтуіне кедергі жасайды.


7. Ұйықтайтын бөлме

Ғалымдар Wi-Fi зиянын дәлелдемегенімен, мамандар роутерді жатын бөлмеге, әсіресе төсектің бас жағына қоюға кеңес бермейді. Оны дәліз, холл секілді ортаңғы бөлмеге қойған дұрыс.


8. Еденде

Роутерді еденге қою – ең нашар шешім. Әсіресе бетон еденде. Сигнал төменге кетеді, шаң жиналады, кездейсоқ тоқ соғып кету қаупі де артады.

Кеңес: Роутерді еденнен шамамен 1,2–1,5 метр биіктікке қойған дұрыс.


9. Балалардың төсегінің немесе жұмыс орнының жанында

Балалардың денсаулығы сезімтал келеді. Сондықтан роутерді балалар бөлмесіне емес, мысалы, дәлізге немесе қонақ бөлмесіне қойған жөн.


10. Пәтер жоспарын ескермеу

Қалың бетон қабырғалар, жылытылатын едендер, күрделі жоспарлар – мұның бәрі сигнал сапасына әсер етеді. Сондықтан роутердің орналасу орнын әртүрлі жерлерде сынап көріп, ең ыңғайлы орынды табу керек.


11. Үлкен пәтерде жалғыз роутер

Егер пәтеріңіз 70–80 шаршы метрден үлкен болса, бір ғана роутер жетпей қалуы мүмкін. Бұл жағдайда сигнал күшейткіштерді немесе mesh-жүйелерді пайдаланыңыз.


12. Ескі бағдарлама, стандартты баптаулар

Роутер дұрыс жерде тұрса да, баяу жұмыс істеуі мүмкін. Себебі бағдарламасы ескі болуы немесе дұрыс бапталмаған болуы ықтимал.

Кеңес: Уақтылы роутер баптауларына кіріп, жаңартуларды орнатыңыз, қауіпсіздік үшін WPS функциясын өшіріңіз және ең қолайлы арналарды таңдаңыз (2,4 ГГц үшін 1, 6 немесе 11 арналар жақсы).


Ал роутерді қайда дұрыс қойған дұрыс?

Міне, қысқаша ереже:

  • Пәтердің немесе үйдің ортасына қою.
  • Еденнен 1 метрден жоғары деңгейге орналастыру.
  • Терезеден алыс жерде болуы керек (Wi-Fi сыртқа таралмауы үшін).
  • Техникалық құрылғылардан, металдан және судан аулақ болу.
  • Шкафтың ішінде, еденде немесе ұйықтайтын бөлмеде тұрмауы керек.

Дұрыс орнатылған роутер – бұл жылдам әрі тұрақты интернет қана емес, қауіпсіздік және ұзақ қызмет ету!


Wi-Fi роутерді қалай дұрыс таңдау керек?

1. Интернет жылдамдығына қарай таңдаңыз

Егер сіздің интернет жылдамдығыңыз 100 Мбит/с болса, оны толық пайдалану үшін осы жылдамдықты қолдайтын роутер керек. Жаңа роутерлердің көбісі 300 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықты ұстайды — болашаққа деп сәл қуаттысын таңдаған дұрыс.

2. Қандай жиіліктерді қолдайтынына қараңыз

Тек 2,4 ГГц қолдайтын роутерлер арзан, бірақ сигнал қашықтығы жақсы болғанымен, жылдамдығы баяулау.

Екі жиілікті (2,4 ГГц + 5 ГГц) роутерлер жақсырақ. 5 ГГц жылдамырақ жұмыс істейді, бірақ қабырға арқылы өтімділігі әлсіздеу. Екі жиілік болған жақсы — қайсысы керек болса, соны қолданасыз.

3. Антенна санына мән беріңіз

Антенналар көп болса, сигнал жақсы тарайды. 2–3 антенналы роутерлер әдетте пәтер үшін жеткілікті. Үлкен үй үшін 4 немесе одан көп антеннасы бар роутер таңдаған дұрыс.

4. Пәтер немесе үйдің көлемін ескеріңіз

Кішкентай пәтерге қарапайым роутер жарайды. Үлкен пәтер немесе екі қабатты үй болса, сигнал күшейткіш (репитер) немесе mesh-жүйені қарастырыңыз.

5. Порттар мен қосымша функцияларды тексеріңіз

Егер сізге теледидар, компьютерді сым арқылы қосу керек болса, LAN порттарының санына қараңыз. Кей роутерлерде USB порты болады — оған флешка немесе принтер қосуға болады.

6. Қауіпсіздік пен жаңартулар

Жаңа роутерлерде WPA3 стандарты қолдауы болса, жақсы (қазіргі ең қауіпсіз қорғау түрі). Жаңартулар жиі шығатын, сенімді брендтерді таңдаңыз (мысалы, TP-Link, ASUS, Xiaomi, Tenda, Zyxel).

7. Бағасына қарап, өзіңізге керек мүмкіндіктерді таңдаңыз

Әрдайым ең қымбат роутерді алу керек емес. Егер үйде тек телефон мен ноутбук қана қосылса, қарапайым жақсы модель жетеді. Ал егер стриминг, ойын, үлкен файлдарды жүктеу секілді нәрселермен айналыссаңыз — қуатты роутер керек.

Егер үйіңіз шағын болса — қарапайым, екі жиілікті роутер алыңыз. Егер көп құрылғы қосылады немесе интернет жылдамдығыңыз жоғары болса — заманауи, күшті роутер таңдаңыз. Үй үлкен болса — mesh-жүйе немесе қосымша күшейткішпен бірге алыңыз.

Б. Ерман,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Телефоныңызды қаптамасы да қуаттай алады