​Смартфонға пернетақтаны жалғап, шағын ноутбукқа айналдыруға болады

0
224

Смартфон тек ойынға ғана емес, жұмысқа да ыңғайлы құрал.


​Смартфонға пернетақтаны жалғап, шағын ноутбукқа айналдыруға болады

Сурет: i.pinimg.com

Көбіміз смартфондағы қуаттауға, құлаққапқа арналған порттарының қызметін толық қолданбаймыз. Шын мәнінде олар арқылы смартфонға басқа қосымша құрылғыларды жалғап, қосуға болады. Бұл смартфонның қызмет ету мүмкіндігін одан әрі кеңейтеді. Әсіресе, егер сізде Android болса және OTG қолдауы орнатылса.

Бұл мүмкіндік OTG (On-The-Go) технологиясы арқылы жүзеге асады. OTG смартфонға USB құрылғыларын тікелей қосуға және оларды толыққанды қолдануға жол ашады. Төменде смартфонға қосуға болатын негізгі құрылғылар мен олардың пайдасы жан-жақты қарастырылады.


Пернетқта мен тінтуір

Смартфон тек ойынға ғана емес, жұмысқа да ыңғайлы құрал. Оған клавиатура мен тінтуір қосу арқылы шағын ноутбук ретінде пайдалануға болады. Мәтін теру, құжат өңдеу, электрондық поштамен жұмыс істеу әлдеқайда жеңілдейді. Қосылу USB немесе Bluetooth арқылы жүзеге асады. Порттар жетпеген жағдайда USB-хаб көмектеседі. Бұл тәсіл студенттер мен кеңсе қызметкерлеріне тиімді.


Ethernet арқылы интернет желісіне қосылу

Wi-Fi сигналы әлсіз немесе тұрақсыз болған жағдайда интернет кабелін смартфонға тікелей жалғауға болады. USB-C немесе Lightning порттарына арналған Ethernet адаптерлері жоғары жылдамдықты, тұрақты интернет қосылысын қамтамасыз етеді. Онлайн сабақ, конференция, ойын немесе қашықтан жұмыс істеу кезінде бұл тәсіл өте қолайлы.


Принтер

Смартфоннан тікелей құжат басып шығару мүмкіндігі көптеген жағдайларда көмекке келеді. USB-принтерлер OTG арқылы жұмыс істейді. Ал iPhone үшін AirPrint қолдауы бар принтерлер сымсыз қосылады. PDF, суреттер, кестелер және басқа да құжат түрлерін компьютерсіз-ақ басып шығаруға болады.


Геймпадтар

Смартфонды ойын консоліне айналдыру үшін геймпадтарды қолдануға болады. Xbox және PlayStation контроллерлері, сондай-ақ мобильді геймпадтар Bluetooth немесе кабель арқылы қосылады. Геймпадтар ойын барысында басқаруды жеңілдетіп, дәлдікті арттырады.

Геймпад бұл компьютерге, ойын консоліне немесе басқа да құрылғыларға қосылып, ойынды басқаруға арналған қолдық контроллер. Ол әдетте екі қолмен ұсталады және онда батырмалар, триггерлер, джойстиктер сияқты басқару элементтері болады.

Геймпадтың көмегімен ойыншы кейіпкерді қозғалтады, іс-әрекеттер орындайды және ойын әлемімен өзара әрекеттеседі. Қысқаша айтқанда, геймпад ойындарды ыңғайлы әрі дәл басқаруға арналған арнайы құрылғы.


Проекторға, теледидарға және мониторға қосу

DisplayPort Alt Mode технологиясын қолдайтын смартфондар бейнені тікелей үлкен экранға бере алады. Бұл презентация жасауға, фильм көруге немесе оқу көрсетілімін жүргізуге мүмкіндік береді. USB-C to HDMI кабелі арқылы смартфонды теледидарға немесе проекторға оңай қосуға болады. Samsung Galaxy құрылғыларында Samsung DeX режимі бар, ол смартфонды компьютер интерфейсіне айналдырады.


Камерадан фото және видео көшіру

Кәсіби түсіріліммен айналысатындар үшін дербес камераны смартфонға тікелей жалғау – үлкен артықшылық. Ол жұмысты едәуір жеңілдетеді. Фото немесе видеоны камерадан бірден телефонға импорттап, өңдеп, әлеуметтік желілерге жариялауға болады. USB-C немесе Lightning адаптерлері арқылы камера смартфонға оңай танылады.


MIDI-контроллерлер және аудиоинтерфейстер

Музыкамен айналысатындар смартфонды нағыз портативті студияға айналдыра алады. MIDI-клавиатуралар, DJ-контроллерлер мен аудиоинтерфейстер арнайы музыкалық қосымшалармен (GarageBand, FL Studio Mobile, BandLab) толық үйлеседі. Аудиоинтерфейс арқылы микрофон немесе музыкалық аспапты қосып, кәсіби сапада дыбыс жазуға болады.


Сыртқы микрофондар

Влогерлер, журналистер, подкастерлер үшін сыртқы микрофон смартфонның мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді. USB немесе 3.5 мм адаптері арқылы қосылатын микрофондар жазба сапасын бірнеше есе жақсартады. Бұл сапалы контент жасауға қолайлы шешім.


Флешкалар мен сыртқы жад құрылғылары

OTG технологиясы арқылы смартфон флешкаларды, карт-ридерлерді және тіпті сыртқы SSD/HDD дисктерді де оқи алады. Бұл үлкен көлемдегі файлдарды тасымалдау немесе сақтау үшін өте ыңғайлы. Смартфонды деректерді сақтауға арналған толыққанды құрылғыға айналдырады


USB-хабтар

Бір уақытта бірнеше құрылғымен жұмыс істеу қажет болғанда USB-хабтар қолданылады. Бір ғана смартфон порты арқылы флешка, принтер, геймпад, клавиатура, тінтуір және басқа да құрылғыларды қосуға болады. Кейбір хабтарда HDMI, Ethernet, SD-карта бөлімдері де бар, олар смартфонды әмбебап мультимедиялық орталыққа айналдырады

Смартфонға қосуға болатын құрылғылардың түрі өте көп және олардың әрқайсысы смартфонның мүмкіндігін бірнеше есе арттыра алады. Геймпадтан бастап принтерге, кәсіби аудио жабдығынан бастап проекторға дейін – смартфон бүгінгі күні толыққанды компьютердің көптеген функциясын атқарады. OTG технологиясын дұрыс пайдалану арқылы смартфонды оқу, жұмыс, шығармашылық және ойын үшін әмбебап құрал ретінде қолдануға болады.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Ыдыс жуудан жалықсаңыз, мына құрылғы құтқарады
Алаяқтың сансыз қоңырауынан қалай сақтанамыз?