Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын ресми түрде аяқтады

0
96

41 жастағы шабуылшы әлеуметтік желідегі парақшасында шешімі туралы видео жариялап, 23 жыл бойы қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғыс айтты.


Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын ресми түрде аяқтады

ERNUR.KZ. Әлемге әйгілі футболшы Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтады, деп жазады stan.kz.

41 жастағы шабуылшы әлеуметтік желідегі парақшасында шешімі туралы видео жариялап, 23 жыл бойы қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғыс айтты. Футболшы ұлттық құрамамен қоштасу туралы шешім қабылдау оңай болмағанын жеткізді. Ол Португалияның намысын қорғауды өміріндегі ең үлкен мәртебелердің бірі деп атады.

“Мен бұл жейдені ешқашан тек өзіме тиесілі деп есептеген емеспін. Бірақ 23 жыл бойы оны киіп, қорғау және әлемнің түкпір-түкпіріндегі стадиондарға алып шығу мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Бүгін оны келесі ұрпаққа табыстайтын сәт келді. Бұл оңай шешім болған жоқ. Өйткені кейбір шешімдерді тек ақылмен емес, жүрекпен қабылдайсың”, – деді Роналду.

Футболшы ұлттық құрамадан кетуінің нақты себебін ашып айтпады. Дегенмен осы уақытқа дейін бірге ойнаған командаластарына, бапкерлеріне және жанкүйерлеріне ризашылығын білдірді.

Роналду жазбасында бала күнгі арманының орындалуына мүмкіндік берген барша жанкүйеріне алғыс айтты.

“Өмір бойы әлемнің үздік футболшысы болуға ұмтылдым. Ал бүгін ең үлкен жеңісім – әлемдегі ең жақсы елдің намысын қорғау мүмкіндігіне ие болғаным екенін түсіндім. Осы 23 жыл үшін рақмет. Маған сенгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Мадейра аралында доп қуып жүрген кішкентай баланың арманын жүзеге асыруға мүмкіндік бергендеріңіз үшін рақмет. Ұлттық құраманың жейдесін кигенімді әрдайым мақтан тұтамын. Португалия мәңгі жүрегімде қалады”, – деп жазды футболшы.

Роналду мен ұлттық құрама бапкерінің арасындағы жанжал

Айта кетейік, бұған дейін Криштиану Роналду мен Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезуш арасында келіспеушілік туындаған еді.

27 қыркүйекте Норвегияға қарсы өткен Ұлттар лигасының матчында бас бапкер Роналдуды қосалқы құрамда қалдырған. Екінші таймда оны алаңға шығуға дайындағанымен, ойынға қоспаған.

Кейін Данияға қарсы матч алдында Жорже Жезуш футболшының келесі ойынға да қатыспайтынын мәлімдеді. Осыдан кейін Роналду ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетіп қалған.

Бұл әрекеті үшін Португалия футбол федерациясы оған айыппұл салып, уақытша ойындардан шеттетті. Кейін футболшы жанкүйерлерінен кешірім сұрап, кез келген жазаны қабылдауға дайын екенін жеткізген.

Ал бас бапкер Роналдусыз өткен үш кездесуде де команда жеңіске жеткенін айтып, футболшыдан кешірім сұрамайтынын мәлімдеген.

23 жылда 234 матч және 146 гол

Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасындағы алғашқы ойынын 2003 жылы өткізді.

Осы уақыт аралығында ол 234 матчқа қатысып, 146 гол соқты. Бұл – ерлер арасындағы ұлттық құрамалар тарихындағы ең жоғары көрсеткіштер.

Роналду Португалия құрамасымен бірге 2016 жылы Еуропа чемпионы атанды. Сондай-ақ 2019 және 2025 жылдары Ұлттар лигасының жеңімпазы болды.

Бес мәрте “Алтын доп” иегері атанған футболшы ұлттық құрамадағы 23 жылдық жолын осылай аяқтады. Дегенмен оның Сауд Арабиясының “Әл-Наср” клубындағы мансабы жалғасады.