Тұрмыстық техника мен гаджеттердегі біз мән бермейтін, мән берсек те, түсінбейтін басқа да бірқатар таңбалар бар.
Фото: brever.be
Кез келген гаджеттердегі, тұрмыстық техникалардағы әріптер кездейсоқ қойылған белгілер де, құпия шифр да емес. Олар белгілі бір аймақта қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растаған тауарларды белгілеу үшін қолданылады. Енді олардың мағынасын ажыратып үйренейік.
Құрылғыдағы CE таңбасы нені білдіреді?
Кез келген гаджетті – смартфонды, қуаттағышты, құлаққапты немесе тіпті балалар ойыншығын алып көріңіз. Оны аударып, жарыққа тосып, корпусындағы ұсақ белгілерге мұқият қараңыз. Егер бір-біріне ұқсайтын екі C және E әрпін көрсеңіз, бұл «CE» таңбасы.
«CE» – француз тіліндегі «conformité européenne», яғни «еуропалық талаптарға сәйкестік» деген ұғымның қысқартылған нұсқасы. Осы таңба арқылы өндіруші өз өнімінің Еуропалық одақта қабылданған денсаулық пен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетінін мәлімдейді.
«CE» таңбасы талап етілетін өнімдерді Еуропалық одақ нарығында тиісті сәйкестік рәсімдерінен өтпей заңды түрде сатуға болмайды. Бұл талап тек смартфондарға қатысты емес. «CE» таңбасы ойыншықтарға, электр жабдықтарына, газ құрылғыларына, аккумуляторларға, сондай-ақ серуендеуге арналған су скутерлеріне және басқа да бірқатар өнімдерге қолданылады.
«CE» таңбасы болмаса...
Егер құрылғы Еуропалық экономикалық аймақта сатылмаса, өндірушіге «CE» талаптары қолданылмауы мүмкін. Мысалы, тауар АҚШ немесе Азия нарығына арналған болса, оған Еуропалық одақтың осы таңбасын қою міндетті емес.
Айтпақшы, АҚШ-та «CE» таңбасы еуропалық қауіпсіздік сертификаты ретінде танылмайды. Онда өз талаптары бар. Мысалы, құрылғылардан «UL» (Underwriters Laboratories) немесе «ETL» таңбаларын кездестіруге болады. Олар белгілі бір тұрғыдан ұқсас міндет атқарғанымен, АҚШ-тағы жергілікті қауіпсіздік талаптары мен стандарттарына негізделеді.
Жалпы, халықаралық қауіпсіздік талаптарының жүйесі өте күрделі. Кейде сырт көзге белгілі бір ережелерге бағынуы тиіс сияқты көрінетін құрылғылардың өзінде «CE» таңбасы болмауы мүмкін. Оның себебі өнімге басқа талаптар немесе сәйкестікті бағалау рәсімдері қолданылуы мүмкін. Сондықтан «CE» таңбасының болмауы автоматты түрде «бұл өнім қауіпті» дегенді білдірмейді.
«CE» таңбасын «China Export» белгісімен шатастырмаңыз
Кейбір тауарлардың үстінен бір-біріне өте жақын орналасқан C және E әріптерін көруге болады. Кейде олардың арасы «CE» логотипіндегіден өзгеше болып келеді.
Интернетте мұндай белгі жиі «China Export» («Қытай экспорты») деп аталады. «China Export» деген таңбаның CE белгісімен ресми байланысы жоқ және ол Еуропалық одақтың қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті білдірмейді. Сондықтан тек сыртқы ұқсастығына қарап екі белгіні бірдей деп қабылдауға болмайды. Арзан қуаттағыштан немесе басқа гаджеттен «CE»-ге ұқсас таңбаны көрсеңіз, әріптердің арақашықтығына мән беріңіз. Тым жақын орналасса, бұл Қытай экспорты екенін білдіреді.
Тұрмыстық техникадағы A+, A++, A+++ таңбалары
Тұрмыстық техника жапсырмасындағы бұл таңбалар құрылғының энергия тиімділігін, яғни электр энергиясын қаншалықты үнемді пайдаланатынын білдіреді. Санаттар шамамен былай бөлінеді:
- «A» – энергияны тиімді пайдаланатын техника;
- «A+» – A санатынан үнемдірек;
- «A++» – одан да жоғары тиімділік;
- «A+++» – сол жүйедегі ең жоғары тиімділік деңгейі.
Яғни, қосу таңбасы көбейген сайын техника электр энергиясын аз тұтынады деген түсінік қалыптасты. Мысалы, тоңазытқышта A+++ таңбасы тұрса, ол бұрынғы жіктеу бойынша энергияны A санатындағы модельге қарағанда тиімдірек пайдаланатын құрылғы болған.
Қазіргі еуропалық энергия жапсырмаларында A+, A++ және A+++ шкаласы біртіндеп алынып тасталып, қарапайым A–G шкаласы енгізілуде. Қазір жаңа жапсырмаларда латын әліпбиіндегі A-дан G-ге дейінгі қарапайым әріп таңбалары шкала ретінде қолданылады. A – ең жоғары энергия тиімділігі, G – ең төмен деңгей. Бұл өзгеріс тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналар, ыдыс жуғыштар, теледидарлар және басқа да өнім санаттарына енгізілді. Сондықтан бүгін дүкеннен бір жерде A+++, ал екінші жерде B немесе C деген белгі көрсеңіз, олардың екеуі де энергия тұтыну тиімділігі жайлы екенін ұғына беріңіз.
Басқа да белгілердің мәні
Тұрмыстық техника мен гаджеттердегі біз мән бермейтін, мән берсек те, түсінбейтін басқа да бірқатар таңбалар бар.
- Су тамшысы. Кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналарда су тамшысына ұқсас белгілер кездеседі. Ол су тұтынуына қатысты ақпаратты білдіруі мүмкін. Кейбір заманауи кір жуғыш машиналар бір циклде бұрынғы үлгілерге қарағанда айтарлықтай аз су пайдаланады.
- Құлақ белгісі немесе дБ. dB (децибел) – құрылғы шығаратын шудың деңгейін көрсетеді. Бұл әсіресе тоңазытқыш, кір жуғыш машина, шаңсорғыш, кондиционер, ыдыс жуғыш машина үшін маңызды.
- Үш жебеден тұратын үшбұрыш – қайта өңдеу символы. Ол материалдың қайта өңдеуге жарамдылығын немесе белгілі бір пластик түрін ғана көрсетеді.
- IP67, IP68. Смартфондарда, смарт-сағаттарда, құлаққаптарда IP67, IP68 деген жазуды жиі кездестіреміз. Мұндағы IP – «Ingress Protection», яғни құрылғы корпусына шаң мен судың енуінен қорғаныс деңгейі. Мысалы, IP68-дегі 6 – шаңнан қорғау деңгейін, ал 8 – судан қорғаудың белгілі бір деңгейін білдіреді.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,


