​БАЛАның ҚАУІПСІЗДІГІН қорғайтын 7 ГАДЖЕТ

0
223

Балаңыз қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін байқасаңыз немесе ол қазірдің өзінде қиындыққа тап болғанын білсеңіз, мына бірнеше кеңес көмектесе алады


​БАЛАның ҚАУІПСІЗДІГІН қорғайтын 7 ГАДЖЕТ

Сурет: Pinterest

Баланы мектепке дайындауда киім-кешек, оқу құралдарымен қатар, бақылау гаджеттерін де әзірлеген жөн. Бұл – уақыт талабы.

Ата-аналарға қауіпсіздік үшін баланы бақылауға көмектесетін бірқатар заманауи гаджеттер бар. Бұл құрылғылар баланың орналасқан жерін бақылауға, қоңырау шалып/қабылдауға, SOS дабылын беруге, кейде денсаулығын қадағалауға да мүмкіндік береді.


AirTag

AirTag —таблетка тәрізді шағын құрылғы. Apple компаниясының өнімі. Кілт ілмегіне немесе аяқ киімнің ұлтарақшасына орналастыруға болады. Оның көмегімен балаңыздың қайда жүргенін әрдайым біліп отырасыз. Құрылғы геолокацияны жанында тұрған iPhone арқылы алады. Ұқсас қытайлық арзан баламалары да бар.


GPS трекер

Бұл — кез келген маркетплейстен сатып алуға болатын шағын таратқыш (ең бастысы — микрофоны болмауы керек). Ол SIM-картамен жұмыс істейді. Баланың орналасқан жері туралы мәліметтерді сіздің құрылғыңызға тұрақты әрі жедел түрде жіберіп отырады.


Маяк

Трекер мен AirTag-пен салыстырғанда, бұл құрылғы ұйқы күйінде болады және белгіленген уақыт кестесіне сай іске қосылады. SIM-карта арқылы жұмыс істейді. Кейбір түрлері спутниктік те болады. Негізгі мақсаты — автономды жұмыс істеу. Оны баланың велосипедіне немесе сөмкесіне орналастыруға болады.


Ата-ана бақылауы қосымшасы

Бұл функциялар iPhone құрылғыларының баптауларында орналасқан. Кейбір Android үлгілерге орнатуға болатын түрлер де бар. Олар арқылы сіз баланың қай жерде жүргенін ғана емес, интернеттегі белсенділігін де бақылап, шектеулер қоя аласыз. Мысалы, қандай сайттарға кіруге болатынын анықтап, қажетсіз ресурстарға қолжетімділікті жабуға болады. Сонымен қатар интернетке кіру уақытын да шектеуге мүмкіндік бар. Ата-ана баланың құрылғысына өз смартфоны арқылы бақылау орната алады.

Пайдалы қосымшалар:

  • Google Family Link – баланың экран уақыты, қосымша орнатуын, орнын бақылау
  • Find My (Apple) немесе Find My Device (Android) – орналасқан жерді қадағалау
  • Life360 – бүкіл отбасы мүшелерін бақылауға арналған қосымша


Insight

Бұл — Telegram мессенджеріндегі арнайы бот. Ол баланың қызығушылықтарын бақылауға, оны қауіпті Telegram-топтарға қосылудан дер кезінде қорғауға, алаяқтардың ықпалын анықтауға және басқа да қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.


FunStat

Telegram-дағы көпшілік чаттардағы хат алмасуды талдайтын бот. Ол қауіпті болуы мүмкін чаттарды, заңсыз әрекеттерді, саясат тақырыбындағы және басқа да мазмұндағы жазбаларды бақылауға және сараптауға арналған.


«Ақылды сағаттар»

GPS-бақылауы бар ақылды сағаттар баланың нақты орнын онлайн картада көрсетіп тұрады. Қозғалыс тарихы сақталады, бала қайда барды, қанша жүрді – бәрін білуге болады. Сондай-ақ, SOS батырмасының көмегімен бала қауіпті жағдайда бір ғана батырманы басу арқылы ата-анасына белгі береді. Мұндай сағаттар дауыстық қоңыраулар қабылдау және шалу қызметін де іске асырады. Кейбір үлгілерде қашықтан тыңдау (ата-ана баланың жанындағы дыбысты ести алады) мүмкіндігі бар.

Танымал модельдер:

  • Elari KidPhone
  • Jet Kid Scout / Jet Kid Start
  • Smart Baby Watch (Q сериясы) – Q50, Q90, Q100
  • Xiaomi Mi Bunny (Кейбір нарықтарда ғана бар)


Балаңыз қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін байқасаңыз немесе ол қазірдің өзінде қиындыққа тап болғанын білсеңіз, мына бірнеше кеңес көмектесе алады:

  • Бала сізге сенуі керек. Ол өз мәселесін сізге ашық айтуы үшін араларыңызда сенімді қарым-қатынастың болғаны маңызды. Сондай-ақ, сіздің өмірлік тәжірибеңіз көп екенін және мәселені тезірек шешуге көмектесе алатыныңызды білуі қажет.
  • Алаяқтардың қазіргі схемаларын түсіндіріп отырыңыз. Әсіресе онлайн-ойындарда жиі кездесетін алаяқтық түрлерін айтып беріңіз. Бала қауіпсіздік ережелерін білсе, алдын ала сақтана алады.
  • Буллинг немесе кибербуллинг туралы ескертіңіз. Егер мұндай жағдай орын алса, бала оны жасырмай, дер кезінде сізге айтуы керек екенін білгені жөн. Уақытында әрекет ету өте маңызды.


Ескерту! Көрсетілген гаджеттерді адамдарды бақылау үшін қолдануға болмайды. Олар сіздің жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және тек олардың келісімімен ғана қолданылады.

Олай болмаған жағдайда сырттай бақылау қылмыстық жауапкершілікке жатады. Жеке өмір құпиясын, хат алмасу құпиясын бұзу және жасырын ақпарат алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз айналымға енгізу әрекеттері үшін заң бойынша жаза қарастырылады.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Батырмалы телефондар қайта сәнге айналуда