​2024 жылдың ең ҮЗДІК 8 шағын ФОТОПРИНТЕРІ

0
1 597

Суреттеріңізді электронды, цифрлық форматта емес, қағаз түрінде үйдегі сөреде сақтау мүмкіндігін сыйлайды


​2024 жылдың ең ҮЗДІК 8 шағын ФОТОПРИНТЕРІ

Сурет – есте қалдырғымыз келетін сәттердің мұрасы. Әрбірінің астарында тарих, эмоция, сезім мен қарым-қатынастар жатады.

Шағын фотопринтер – суретті қағазға басып шығаратын құрылғы. Арнайы қосымша немесе Bluetooth арқылы смартфонға қосып, галереяда сақталған кез келген суретті шығара аласыз. Сондай-ақ камера да өзіне орнатылған гибридті үлгілер де бар.

Сатылымда әр алуан компаниялар ұсынатын көптеген түрлері кездеседі. Басып шығарылған фотоның сапасы, көлемі әр фотопринтерде әртүрлі болуы мүмкін. 2024 жылы ең көп сатылған және жақсы пікір жинаған үздік үлгілермен таныс болыңыз.


1. Polaroid Hi–Print

Артықшылығы: басып шығару сапасы жоғары, сәнді дизайн, мобильді қосымшаны қолдану ыңғайлы әрі оңай.

Алайда, кемшін тұстары да жоқ емес. Бірінші кезекте, дәл осы фотопринтерге сай келетін баспа қағазы қымбат тұрады. Сондықтан, басып шығару шығыны да көбірек. Бір суретті шығару уақыты шамамен 50 секунд уақыт алады. Бұл басқа түрлермен салыстырғанда баяу болып саналады. Бірақ, қолыңызға осынша уақыт жұмсауға тұрарлықтай анық және жарқын түсті суреттерді ұстатады.

Портативті фотопринтердің мобильді қосымшасында суреттерді өңдеуге, фильтр қолдануға, жиектеме қоюға, өлшемін өзгертуге, бетіне жазу жазып, стикер қоюға болады.


2. Instax Square Link

Артықшылығы: сапалы басып шығару, USB-кабель арқылы зарядтау.

Фотопринтердің мобильді қосымшасы жарқын, сапалы, орташа өлшемді фотосуреттерді оңай түсіруге мүмкіндік береді. Бір суретті шығару үшін 12 секунд қажет. Жиектеме нұсқалары өте көп. Сондай-ақ цифрлық анимация, арнайы эффектілер және қарапайым өңдеу құралдары да бар.


3. Instax Link Wide

Артықшылығы: үлкен көлемді сурет шығару, фильтр мен өңдеу мүмкіндіктерінің көптігі. Портативті фотопринтер үлкен көлемді жылтыр фотосуреттерді минималды шығындармен басып шығаруға мүмкіндік береді. Үйде пайдалануға да, жолға алып жүруге де ыңғайлы. Басып шығару жылдамдығы өте жоғары — шамамен 12 секунд. Мобильді қосымша бағдарламасы көптеген баптауларды ұсынады, мысалы, фильтрлеу, коллаж жасау, QR-кодтарды қосу мүмкіндігі, т.б.


4. Instax Mini Link-2

Instax Mini Link-2 ерекше түрлі түстерді пайдаланады. Смартфонға Bluetooth арқылы қосылады. Немесе Mini Link қолданбасын тартып алсаңыз болады. Суретті өңдеуде жиектеме қою, коллаж жасау, түстер сүзгісінен өткізу, жарықты, қанықтық пен контрасты реттеу, тағы да басқа көптеген мүмкіндіктері бар. 12 секундта бір сурет басып шығарады. Толық заряды 100 сурет шығарғанға жетеді. Тағы бір ерекшелігі – фотопринтерді смартфон камерасын қашықтан басқаратын пульт ретінде қолдануға болады. Алға еңкейту немесе артқа қарай шалқайту арқылы сурет көлемін үлкейтіп-кішірейте де аласыз.


5. Kodak Step Instant Printer

Нарықтағы ең қолжетімді әрі сапалы нұсқалардың бірі. Қолдану инструкциясы өте қарапайым, ыңғайлы. Көлемі шағын болғандықтан, өзіңмен алып жүру еш қиындық туғызбайды. Суреттің теріс беті жабысқақ желімді болып шығатындықтан, қалаған жерге жапсырып қоюға болады. Мобильді қосымшасында суреттерді өңдеуге мүмкіндік беретін аздаған құралдар бар.


6. Instax Mini Evo

Камера орнатылған гибридті принтерлер арасында үздігі. Ретро стиліндегі дизайны мен ықшам көлемі тартымды етеді. Автономды режимде ұзақ уақыт бойы жұмыс істей алады.


7. HP Sprocket Select

Салмағы да, интерфейсі де өте жеңіл құрылғы. Бұл фотопринтердің қағазы арзанырақ тұрады. Алайда, суреттердің сапасы да соған сай, түстер бұлыңғырлау болып шығады.


8. Kodak Step Slim

Өте жұқа (2,29 см) және жеңіл (240 гр), соған қарамастан берік құрылымды. Ыңғайлы мобильді қосымшаның арқасында қолдану өте оңай.


Бұрын суретке түсу, оны басып шығару, альбомға жапсыру – бәрі қызық әрі қуанышты жағдай еді. Ал араға уақыт салып альбомдарды қайта ақтарып, суреттерді қараудың қандай сезім сыйлайтыны айтпаса да түсінікті.

Қалта телефоны, планшет, басқа да гаджеттер әлемді жаулап, суретке түсу мен оны сақтау оңайлаған сайын, құндылығын сезінбейтін болдық. Әйтсе де, гаджеттер жоғалады, бұзылады, жадынан айрылады. Сондай сәттерде «Басқасын қоя берші, сақтап қойған қанша сурет-видеоларым кетті ішінде» деп сан соғатындар көп. Портативті фотопринтер осындай өкініштің алдын алуға көмектеседі. Суреттерді электронды, цифрлық форматта емес, қағаз түрінде үйдегі сөреде сақтау мүмкіндігін сыйлайды.

Өміріңіздің әр сәті құнды. Сақтап қалудың бар амалын жасаңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Алдағы уақытта ТЕЛЕФОНҒА SIM-карта КЕРЕК БОЛМАЙДЫ