​Үйде ЖАТТЫҒУҒА арналған ТОП-5 қосымша

0
300

Үй жағдайындағы жаттығулар көбіне қолда бар құрал-жабдықтарға байланысты болады.


​Үйде ЖАТТЫҒУҒА арналған ТОП-5 қосымша

Сурет: ЖИ

Жаттығу залында белгілі бір кестеге, абонементке тәуелді болмай жаттығуды қалайтындар мен артық шығын шығарғысы келмейтіндер үйде жатығуды таңдайды. Алайда үй жағдайында өз бетіңше күнделікті жасау – жеңіл емес. Жаттығу түрін дұрыс таңдай алмайсың, қайталау санынан шатасасың, жаттығулар ретін дұрыс қоймайсың... Немесе жай ғана ерініп, кей күндері жалқаулықты жеңе алмай қаласың. Осындайда фитнеске арналған қосымшалар таптырмас көмекші құралға айналды.

Фитнес-қосымшалардың кейбірі жеке жаттығу жоспарын, бейнесабақтарды және нәтижені бақылау мүмкіндігін ұсынса, енді бірінен пікірлес адамдарды табуға болады. Ал кейбір қосымшалардан жаттығулар мен тамақтану туралы мақалаларды оқуға мүмкіндік бар. Көптеген фитнес-қосымшалар арасынан сұрыптау жасап, ең үздік деген бесеуін таңдап алдық.

Үй жағдайындағы жаттығулар көбіне қолда бар құрал-жабдықтарға байланысты болады. Әр үйде гантельдер жиынтығы тұрмақ, штанга немесе арнайы тренажер бола бермейді. Кейбір жаттығуларды орындауға бөлменің тарлығы да кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ бұл үйде жаттығу қиын дегенді білдірмейді. Ең бастысы – өзіңізге сәйкес бағдарламаны таңдау.


1. FitStars

Бағасы: ақылы, бірнеше тариф түрі бар

Платформасы: Apple, Android, сайт, теледидар

Қайдан жүктеуге болады: App Store, Google Play

Қосымшада күш жаттығулары, кардио, йога, пилатес, би және дене салмағын реттеуге бағытталған бағдарламалар сияқты көптеген бағыт ұсынылған. Оны телефоннан, компьютерден пайдалануға немесе теледидар экранына шығаруға болады. Жаттығулардың ұзақтығы 10-нан 60 минутқа дейін өзгереді, сондықтан кез келген кестеге сәйкес бағдарлама табуға мүмкіндік бар. Тарифтердің әртүрлілігі мен инфлюенсерлер бағдарламасы жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді.

FitStars қосымшасының артықшылықтарына бейне сапасы, жаттығулардың үлкен қоймасы, материалдардың жақсы ұсынылуы және көрнекілігі жатады. Алайда қосымшада қысқа мерзімді тарифтер жоқ. Үш айға арналған ең төменгі жазылым құны фитнес-клуб абонементінің бағасымен шамалас.

Негізгі артықшылығы – сайттың да, қосымшаның да болуы. Үйде жаттығуды үлкен экраннан көруге немесе сапар кезінде смартфоннан пайдалануға болады. Құрал-жабдық пен уақыт бойынша сүзгілеу мүмкіндігі бар. Мысалы, қолыңызда жаттығу төсенішінен басқа ештеңе болмаса және небәрі 15 минут уақытыңыз болса, жүйе сәйкес бағдарламаны тез таңдайды. Денсаулыққа пайдалы тағамдардың бейнерецептері де қосымшаның мүмкіндігін толықтыра түседі.


2. Fitness Online

Бағасы: қосымша мен дайын жаттығу бағдарламалары тегін, бірақ жеке жаттықтырушымен виртуалды кеңес немесе абонементті бөлек ақыға сатып алуға болады.

Платформасы: Apple, Android

Қайдан жүктеуге болады: App Store, Google Play

Бұл қосымшада жаттығу бағдарламалары, тамақтану бойынша ұсыныстар, калория есептегіш және жаттығулар анықтамалығы бар. Сонымен қатар жаттығу күнделігін жүргізіп, нәтижені бақылауға және өзгерістерді фотосурет арқылы белгілеуге болады. Басқа қолданушылармен және жаттықтырушылармен сөйлесуге арналған әлеуметтік лента да қарастырылған. Тағы бір артықшылығы – бағасының қолжетімділігі. Fitness Online үйде де, жаттығу залында да жаттығуға қолайлы.

Ең танымал қосымшалардың бірі саналады. Оның ерекшелігі – толыққанды әлеуметтік желіге ұқсайтынында. Басқа адамдардың жаттығу барысын көріп, өз жетістіктеріңізбен бөлісіп, қолдау ала аласыз. Қосымшада сапалы 3D-анимациялар да бар. Егер тренажерды қалай пайдалану керегін білмесеңіз, модель қозғалыс бағытын көрсетеді.

Бұл қосымша нақты жоспармен жаттыққанды ұнататындарға қолайлы. Параметрлеріңізді енгізсеңіз, бағдарлама нақты мақсатыңызға сәйкес жаттығу кестесін құрады. Мұнда ыңғайлы күнтізбе және жұмыс пен демалыс уақытын есептейтін таймер бар. Жаттығулардың орындалу техникасы көрсетілген бейнеанықтамалық та қарастырылған. Арқаға немесе іш бұлшықеттеріне арналған жаттығудың орындалуын ұмытып қалсаңыз, дұрыс техникасын қайта қарап алуға болады.


3. Leap Fitness

Бағасы: қосымша тегін, бірақ ішінде жетілдірілген ақылы сатып алулар бар

Платформасы: Apple, Android

Қайдан жүктеуге болады: App Store, Google Play

Қосымшада арнайы құрал-жабдықсыз орындауға болатын 500-ден астам жаттығу бар. Әзірлеушілер бұлшықетті шынықтыруға, дене салмағын реттеуге және дене қалпын сақтауға арналған жеке жаттығу жоспарларын әзірлеген. Бағдарламалар бейненұсқаулықтармен толықтырылған, ал нәтиже автоматты түрде тіркеледі. Қосымша қадамдар мен жұмсалған энергияны бақылау үшін Apple Health жүйесімен синхрондалады.

Артықшылықтарының бірі – негізгі функциялары бар тегін нұсқасының болуы. Яғни жазылымсыз да жаттығуға болады. Алайда Leap Fitness-тің толық нұсқасы қымбат, сондай-ақ жазылым рәсімдеген кезде сынақ мерзімі қарастырылмаған.

Тәртіп қалыптастыруға таптырмас құрал. Мұнда жаттығулар белгілі бір ретпен ашылады: бір жаттығуды аяқтамайынша, келесі бағдарламаға өте алмайсыз. Жаттығулар қысқа болғандықтан, оларды жұмыс кестесі тығыз адамдардың да күн тәртібіне енгізу оңай.


4. Fitify

Бағасы: қосымша тегін, бірақ ішінде ақылы сатып алулар бар

Платформасы: Apple, Android

Қайдан жүктеуге болады: App Store, Google Play

Қосымшада әртүрлі құрал-жабдықпен – кір тасы, фитбол, штанга, гантель, доппен орындалатын дайын жаттығулар бар. Үй жағдайында, соның ішінде өз дене салмағын пайдаланып жаттығуға да болады. Интернетке қосылмай-ақ автономды режимде жұмыс істейді.

Дене бөліктеріне қарай жеке жаттығу жоспарын құруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар дауыспен нұсқау беретін жаттықтырушы функциясы қарастырылған.


5. Gym Team

Бағасы: қосымша тегін, бірақ ішінде ақылы сатып алулар бар

Платформасы: Apple, Android

Қайдан жүктеуге болады: App Store, Google Play

Үй жағдайында жаттығуға арналған, тәжірибелі жаттықтырушылардың бейнесабақтары мен жеке жоспарларын ұсынатын қосымша. Мұнда арнайы құрал-жабдықты міндетті түрде қажет етпейтін күш жаттығулары, кардио, йога, пилатес және бетке арналған фитнес жаттығулары бар.

Қосымшаны орнатқаннан кейін бірден ондаған жаттығуға тегін қол жеткізуге болады. Сонымен қатар мақсаттар мен жеке ерекшеліктерді ескеретін жоспарлар, офлайн жүктеуге болатын HD-бейнелер мен ойнатқыш және чат арқылы тегін кеңес алу мүмкіндігі бар. Жаттығу жоспарын құру кезінде жарақаттар мен денсаулық ерекшеліктері де ескеріледі.


Жаттығуға арналған қосымшаны қалай таңдау қажет?

Қосымшаны таңдау сіздің мақсатыңызға, дайындық деңгейіңізге және бюджетіңізге байланысты. Көңіл қалмауы үшін ең алдымен қолдануға ыңғайлылығына, контент сапасына және нақты қолданушылардың пікірлеріне назар аударған жөн.

  • Пікірлерді тексеріңіз. Алдымен жағымсыз пікірлерді оқып шығыңыз. Олар сізге сәйкес келмейтін қосымшаларды бірден ажыратуға көмектеседі.
  • Функцияларын бағалаңыз. Қосымшада сізге қажетті мүмкіндіктердің бар-жоғын тексеріңіз. Мысалы, жаттығуды жеке бейімдеу, белсенділікті бақылау немесе басқа қосымшалармен синхрондау функциялары қажет болуы мүмкін.
  • Бағасын нақтылаңыз. Кейбір қосымшалар тегін деп жарнамаланғанмен, ішінде ақылы сатып алулар болуы мүмкін. Сондықтан тегін нұсқаның қандай мүмкіндіктер беретінін алдын ала тексеріңіз.
  • Офлайн режимін тексеріңіз. Жаттығулар интернетке қосылмай-ақ жұмыс істей ме, соны анықтап алған жөн. Бұл әсіресе сапарда немесе интернет байланысы нашар жерде маңызды.
  • Қауымдастықтың бар-жоғын қараңыз. Егер басқа адамдармен араласу, тәжірибе бөлісу және қолдау алу маңызды болса, әлеуметтік функциялары бар қосымшаларды таңдаңыз.
  • Алгоритмді алдамаңыз. Қосымшадағы сауалнаманы толтырғанда өзіңіз туралы нақты, шынайы ақпарат енгізіңіз. Дайындық деңгейіңіз бен жеке ерекшеліктеріңізге қатысты мәліметтер бағдарлама ұсынатын жаттығу қарқынына әсер етуі мүмкін.
  • Жаттығу техникасын алдын ала зерттеңіз. Жаттығуды орындауға кіріспес бұрын оның бейненұсқаулығын көріп алыңыз. Бұл қозғалысты дұрыс орындамаудан болатын қателер мен жарақаттардың алдын алуға көмектеседі.
  • Жаттығу уақытын сақтаңыз. Қосымша ұсынған жұмыс және демалыс уақытын сақтаған дұрыс. Демалыс арасындағы үзілісті әлеуметтік желілерді тексеруге ұзарту жаттығудың тиімділігін төмендетуі мүмкін.

Қосымша сіздің орныңызға жаттықпайды. Ол тек жоспар құрып, жаттығу барысын бақылауға көмектесетін құрал. Жаттығуды өз мүмкіндігіңізге сай, асықпай және қауіпсіз орындау маңызды.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Түрлі жастағы балаларға қандай спорт пайдалы?
СТЕППЕР АРЫҚТАУҒА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?