КӨҢІЛ ШАЙ, ШАШУ ШАЙ: шай берудің қандай түрлері бар

0
183


КӨҢІЛ ШАЙ, ШАШУ ШАЙ: шай берудің қандай түрлері бар

фото: Pinterest

«Жиған-тергенің тойға, жақсылыққа шашылсын!» деп тілек тілейтін,ниетін жақсылыққа бұрған халқымыздың ойын-сауыққа, көңіл көтеруге қатысты да өте әдемі салт-дәстүрлері жетерлік.

Мұндай дәстүрлер ағайын-туыстың қадірін арттырып, бауырлардың арасын жақындата түседі. Тіпті күйбең тіршілік деп бір-бірімен етене жақын араласуға уақыт таппай жүргендерге де бұл дәстүрдің тигізер көмегі орасан.

Шайға қатысты халқымызда әртүрлі дәстүрлер бар. Солардың бірқатары Сейдахмет Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабында айтылған.


КӨҢІЛ ШАЙ

Адам өмірінде қуанышты да ренішті де жайлар бола береді. Қуанышты жағдайда көңіл білдіріп, «құтты болсын!» айту бар. Ал кейде адам басына іс түскенде, тұрмыста кездесе беретін қиын жағдайда, ренішті, күйінішті кездерде қиыншылыққа ортақтасып, ақыл-кеңес береді. Ашулы сәтте басу айтады.

Міне, осындай кездерде ауылы аралас, қойы қоралас ағайын-туыс көңіл білдіреді. Оған рухани жәрдем береді. Үй иелері әрине, оған дастархан жаяды.

Аталған екі жағдайда да жайылған дастархан, берілетін ас-судың аты «көңіл шай» деп аталады. Көңіл білдіру мен көңіл айтудың мәні екі басқа.


ТӘТТІ ШАЙ

Кейде ата-ананың келісімінсіз қызды алып қашып үйленетін кездер де болады. Мұндай жағдайда жігіт жағынан құдалардың аяғына жығылу бар. Яғни, кешірім сұрап, келісімге төрт-бес адам барады. Олар арғы-бергі жақтан сөз қозғап, «ата-бабалардың салған жолы» деп дәлелдеп, қыздың ата-анасы мен туысқандарының бетін бері қаратып, жігіттің ауылына шақырады. Оларға кең дастархан жаяды. Бұл рәсім «тәтті шай» деп аталады.

Ал қазіргі кезде тәтті шай екі жақтың құдаласу рәсімі, келісімге келу, той мәселесін ақылдасып, қалыңмал мөлшерін келісу үшін жасалатын рәсім. Екі жағдайда да атына сай, құда-құдағилардың танысу-білісу, келісім, ынтымақ шайы. Мұнда жақсы тілектер айтылып, алдағы той жайлы әңгіме болады.

Сонымен қатар, тәтті шай ренжіскен адамдарды татуластыруға да беріледі.


БЕЙСЕНБІ, ЖҰМА ШАЙЫ

Бұл шайды бір отбасының адамы қайтыс болғанда, осы күндері әруаққа бағышталып жайылатын дастархан. Бұған жақын туған-туыстар, жанашыр адамдар келеді. Дұға оқылады. Марқұмның жақсы істері мен мінез-құлықтары да айтылады. Яғни, еске алу шайы десек те болады.

Көңіл айтуға кешіккен адамдар да осы күндері келуге тырысады.


КҮЗЕМ ШАЙ

Істің басталар сәтінде де, аяқталар кезінде де халық атаусыз, ескерусіз қалдырмайтын. Мысалы, күзем алынып болған соң, әрбір үй бір-бір шайға шақырып, көңілді кеш өткізеді.


ШАШУ ШАЙ

Қазақ әр науқандық кезінде немесе жаңа іс басталғанда бас қосып, үй иесі «шашу шай» деп аталатын қазанды асады, шай дайындайды. Мұндай шашулар сиыр бұзаулап, уыз пісірілгенде, малға ен салғанда, қой қырқымда, жылқы күзем аяқталғанда т.б. науқандық шаралар кезінде жасалады.

Міне, осындай шай ішудің өзін дәстүрге айналдыра білген ата-бабаларымыздың аманатын жалғастырып, ағайын арасындағы бауырмашылдықтың артуына әрбіріміз үлес қосайық.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«Шарана шайқау» қандай дәстүр


Қыздың жасауы НЕГЕ ТАҚ САНнан тұруы керек