​ГҮЛ ЛАҚТЫРУ орнына «МОЙЫН ТАСТАУ» жасасақ, жарасар еді

0
176

Бұл салтты қалыңдық емес, күйеу жігіт орындайды


​ГҮЛ ЛАҚТЫРУ орнына «МОЙЫН ТАСТАУ» жасасақ, жарасар еді

Сурет: ЖИ

Қай жылы енгенін қайдам, қазақтың үйлену тойларына батыстан келген бір дәстүр тамырын жайып алған. Ол – той соңында қалыңдықтың артына қарай гүл шоғын лақтыруы. Бойжеткендер сол гүлді қағып алуға ұмтылып, «Келесі болып тұрмысқа кім шығады?» деп жорамалдасып жатады. Мұның ата-баба дәстүрінде болмағаны белгілі.


Дәл осы көріністің өзімізде баламасы бұрыннан болған. Тек оны қалыңдық пен бойжеткендер емес, күйеу жігіт пен басқа да бойдақ жігіттер атқарады. Меңзегеніміз – ұмыт болып бара жатқан, мағынасы терең «Мойын тастау» салты.



«Мойын тастау» салтының мәні неде?

Бұрынғы заманда келін түскенде отауын тігуге көмектескен аналар мен әжелерге мал еті тартылып, сыбаға берілетін. Кей өңірлерде бұл жоралғы қыз ауылында, болашақ күйеу ұрын келгенде орындалған.

Осы аста мүжілген қойдың мойын омыртқасын күйеу жігіт ақ шүберекке орайды. Содан соң төмен қараған күйі оны отаудың түндігінен сыртқа қарай лақтырады. Осы салт «мойын тастау» деп аталған.

Бұл ғұрыптың түпкі астары өте терең. «Жас жұбайлардың жаңа ошағының түтіні әрдайым түзу әрі тек жоғары қарай ұшсын, шаңырақтың уығы берік болсын!» деген игі тілек жатыр.


Бойдақ жігіттерге арналған сынақ

Күйеу жігіт омыртқаны түндіктен лақтырған сәтте, сыртта жиналып тұрған ауыл жастары оны қағып алуға ұмтылатын. Жігіттер бірін-бірі басып озып, жарыса жетеді. Кім мойын сүйекті бірінші болып іліп әкетсе, жақын арада өзі де шаңырақ көтеріп, отау құрады деген сенім болған.

Бұл жерде күйеу жігітке де үлкен жауапкершілік түсетін. Ол сүйекті бірінші мүмкіндіктен түндіктен асыра лақтыра алмаса, қайтадан жаңа матаға орап, сәтті шыққанша қайталауы тиіс. Кейде отырыстағы әжелер мен аналардың бірі қолғабыс етіп, көмектескені үшін кейін арнайы сыйлық та алған.


Заманауи тойға қалай икемдеуге болады?

«Мойын тастау» салтын қайта жаңғыртсақ, тойымыздың ұлттық нақышы арта түсер еді. Заманауи тойханалардың форматына сай әдемі өткізуге болады. Той соңында күйеу жігіт бойдақ достарын ортаға шақырып, сәнді оралған мойын омыртқаны немесе оның жеңіл етіп жасалған көшірмесін артына қарай лақтырса – бұл әрі қызықты шоу, әрі мағыналы дәстүрге айналар еді.

Шетелдің «гүл лақтыруына» еліктегенше, өз тарихымызда бар, жігіттердің намысын қайрайтын әрі үйленуге ниеттендіретін «Мойын тастау» салтын қайта тірілтсек, тойларымыздың сәні де, мәні де арта түсері сөзсіз.

Дайындаған: Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

МҮШЕЛ жаста ҚЫМБАТ БҰЙЫМ тарату міндет пе?