Жапониялық компания Қазақстан мұнайын тасымалдауы мүмкін

0
117

​Жапония жаңа бағыт іздеуге кірісті.


Жапониялық компания Қазақстан мұнайын тасымалдауы мүмкін

ERNUR.KZ. Жапонияның INPEX компаниясы Орталық Азияда өндірілетін мұнайдың бір бөлігін елдің ішкі нарығына жеткізу мүмкіндігін қарастырып отыр, деп жазады BAQ.KZ.

Yomiuri басылымының мәліметінше, компания Қазақстандағы Қашаған кен орны мен Әзербайжандағы Азери-Чыраг-Гюнешли жобаларына қатысады. Бұған дейін бұл кен орындарынан алынған мұнай көбіне Еуропаға споттық жеткізілім арқылы жөнелтіліп келген.

Қазіргі таңда негізгі назар Қашағанға аударылып отыр. Бұл кен орнында тәулігіне шамамен 430 мың баррель мұнай өндіріледі.

Бүгінде Жапония мұнайдың 90 пайыздан астамын Таяу Шығыстан импорттайды. Осыған байланысты Токио Ормуз бұғазы арқылы өтетін тасымалға тәуелділікті азайтуды көздейді. Себебі бұл бағыттағы кез келген тәуекел жеткізілімге әсер етуі мүмкін.

Осы тұрғыда Қазақстан мен Әзербайжан мұнайы балама ретінде қарастырылып отыр. Бұл елдердің мұнайы сапасы жағынан Таяу Шығыс шикізатына жақын – жеңіл әрі орташа сұрыптарға жатады.

Деректерге сәйкес, Қазақстаннан мұнай жеткізу 35–55 күн аралығында жүзеге асады. Ал Әзербайжаннан 25–50 күн қажет. Салыстырмалы түрде Парсы шығанағы бағытынан жеткізу небәрі шамамен 20 күнді алады.

Әрине, жаңа бағыт қымбат әрі ұзақ. Алайда Жапония үшін тұрақты жеткізілім әлдеқайда маңызды.

Бұрынғы тәжірибе және жаңа жоспарлар

Жапония бұған дейін де Орталық Азия мен Оңтүстік Америкадан мұнай импорттаған. Сонымен қатар АҚШ-пен әріптестігін күшейтіп келеді. 2025 жылы америкалық мұнай ел импортының 3,8 пайызын құрады.

Осылайша, Қазақстан алдағы уақытта Жапонияның энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды серіктестердің біріне айналуы ықтимал.